Ел боксындағы жыл үздіктері анықталды

О Сансызбай Корреспондент

2014 жыл – қазақ боксы үшін сәтті өтті деп айтуға негіз бар. Азия ойындарында ең үздік нәтиже көрсеткен боксшыларымыз болды. Қазақстандық боксшылар алты бірдей алтынға ие болып, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ел құрамасы сапынан Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (91 келіден жоғары) алтыннан алқа тақты. Ал Нанкинде өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында Абылайхан Жүсіповтың айдарынан жел есті. Вадим Казаков күмісті қанағат тұтқан-ды.

Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Назым Қызайбай топ жарды. Ол бокста қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Бүгін Қазақстан бокс федерациясы жыл үздіктерін анықтады. 2014 жылдың үздік боксшысы болып ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов танылды. Ол осыған дейін AIBA таңдауымен де жылдың үздік былғары қолғап шебері атанған еді.

Жасөспірімдер арасында жылдың үздік боксшысы болып Абылайхан Жүсіпов танылды. Ол осы жылы Нанкинде өткен Олимпиада мен Болгарияда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді.

Қыздар арасында үздік боксшы болып Назым Қызайбай есімі аталды. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы қай тұрғыдан алсақ та бұл атаққа лайықты.

Жылдың үздік бапкері болып ұлттық құрама жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов танылды. Ол осыған дейін AIBA таңдауымен де жыл бапкері атағына қол жеткізген еді.

Жасөспірімдер жаттықтырушылары арасында Ғалымбек Кенжебаев үздік бапкер атанса, қыздар жаттықтырушылары арасында ұлттық құрама бапкері Вадим Пресняжнюк үздік болып танылды.

ҚБФ жылдың үздік төрешісі ретінде оңтүстік қазақстандық Әлішер Алтаев есімін атады. Сонымен қатар, ел боксының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген тұлғаларға арнайы құрмет көрсетті. 

Сурет: kfb.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама