Екінші балуанымыз Рио Олимпиадасына жолдама алды
Грек-рим күресінің шебері Алмат Кебіспаев қола жүлде үшін өткен белдесуінде Беларусь балуаны Сослан Дауровты жеңді. Бірінші болып қарсыласы әдіс жасап ұпайға ие болғанмен, қазақстандық балуан өз айласын жүзеге асыра білді. Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына екінші қола жүлдені салды.
Өз кезегінде Алмат Кебіспаев жартылай финалда аздап босаңсығанын да жасырмады.
- Бүгінгі нәтижеме қатысты өкініш бар деп айта алмаймын, бұйырғаны. Дегенмен "әлем чемпионы атануға болар еді" деген ой маза бермейтіні анық. Басты мақсат Олимпиадаға жолдама болатын. Мүмкін соның да әсері бар болар, жартылай финалда босаңсып қалуым. Өзімізді ақтаудан аулақпыз. Ең басты дайындықты төртжылдықтың басты додасына, Рио-де-Жанейроға бағыттаймыз, - деді балуан.
Лас-Вегастағы жарыстың екінші күнінде Алматтан өзге балуандардың жолы болмады. 80 келіге дейінгі салмақта Асхат Ділмұхамедов қола медаль үшін өткен белдесуінде сүрінсе, Дархан Баяхметов (71 келі) 1/4 финалда жеңілді. Ал үміт артқан Нұрмахан Тіәлиев бірінші белдесуінен кейін-ақ жарысты аяқтады.
Айта кетейік, әлем чемпионатының бірінші күні 75 келіге дейінгі салмақта Досжан Қартықов қола жүлдегер атанып, Рио Олимпиадасының жолдамасына ие болған еді.
Ақпаратты орыс тілінде vesti.kz сайтынан оқи аласыздар.