Қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхерд Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында жүлделі орыннан көріне алмады. Отандасымыз екінші финалдық кезеңде сүрінді. Фристайлдың могул сайысы бойынша Олимпиадада зор үміт күттірген Дмитрий Рейхерд екінші финалдық кезеңде өз жаттығуын сәтті орындай алмады. Cекіру кезінде қателесіп, төрешілер тарапынан бар болғаны 58,64 ұпайға ие болды. Бұл сайыс түрінен Павел Колмаков та жарыс жолына шыққан болатын. Ол екінші финалдық кезеңде 76,10 ұпай жинап 7-орын алды. Жүлделі орынға таласу мүмкіндігін бір орын ғана бөлді. Үздік алтылыққа енгенде жүлде үшін таласар еді. Ақ Олимпиаданың алтын жүлдесін канадалық Микаэль Кингсбери жеңіп алды. Күміс медальды аустралиялық Мэтт Грэхем иеленсе, қоланы жапон Дайчи Хара иеленді. Айта кетейік, кеше фристайлдың дәл осы могул сайысында Юлия Галышева қола жүлдегер атанған болатын.