"Джиро д'Италия" көпкүндігіне қатысатын шабандоздар анықталды

ЮРИЙ НИКУЛЛИН Корреспондент

Велоспорттағы ең бәсі биік жарыс болып саналатын бұл додаға біздің команданы капитан ретінде италиялық спортшы Винченцо Нибали бастап барады. Ал қалған жарыс жолына шығатын шабандоздардың тізімі мынадай: Андрей Зейц (Қазақстан), Паоло Тиралонго (Италия), Валерио Агноли (Италия),  Дмитрий Груздев (Қазақстан), Фредник Кесьякофф (Швеция),  Фабио Ару (Италия), Танел Кангерт (Эстония), Алекссандро Ванотти (Италия). 

Жалпы, бұл додаға 22 команданың велоспортшылары қатысады. Бүгінгі таңда қатысатын 22 команданың барлығы да тапсырыстарын өткізген. Оның ішінде 19 кәсіпқой команда (UCI ProTeams) және 4 құрлықтың клубы (UCI Professional Continental) бар. Тізімнің ішінде «Euskaltel - Euskadi», «Sky», «RadioShack», «Vini Fantini - Selle Italia» сынды мықты ұжымдар да бар. Ал жеке шабандоздарға тоқталатын болсақ, жарысқа былтырғы жылғы Джироның жеңімпазы Райдер Хешедель өзінің чемпиондық атағын қорғау үшін қатысатын болады. Одан бөлек, Хоаким Родригес, «Тур де Франстың» жеңімпазы Брэдли Уиггинс та қатысады деп күтілуде. 

Реттік саны бойынша, осымен 96-рет өткелі тұрған бұл көпкүндік жарыс өз жалауын 4 мамыр күні Италияның Неапол қаласында көтеретін болады. Ал жарысты спортшылар 26 мамыр күні Брешия қаласында аяқтайды. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама