Джерри Джонсон Қазақстан азаматтығын алды
Енді бұл ойыншы Қазақстан құрамасына алдағы Азия чемпионатына іріктеу аясындағы ойындарда көмектесетін болады. Бұл мәліметті «Астана» командасының қорғаушысы өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына: «Мен Қазақстан азаматтығын алдым. Бұл менің спорттық ғұмырымдағы тағы бір белес деп білемін. Алдағы уақытта баскетболдан Қазақстан Ұлттық құрамасына Олимпиада ойындарына жолдама алып беру үшін қолымнан келгеннің барлығын да жасайтын боламын», - деп жазу арқылы таратты.
Жалпы, Джерри Джонсон баскетболшы ретінде түріктің «Галатасарай», Литваның «Летувос Ритас», Бельгияның «Шарлуэра», Францияның «Клерьмонт» секілді командаларында тер төккен. Ал 2011 жылдан бастап, ВТБ лигасында еліміздің намысын қорғап жүрген «Астана» баскетбол клубында өнер көрсетіп жүр. Тағы бір айта кететін жайт, сәуір айының 23-жұлдызында Джерри өзінің 31 жасқа толған туылған күнін атап өтетін болады.
Қазақстан баскетбол федерациясының алдағы уақытқа құрған жоспарларының ішінде Азия біріншілігіне іркілмей өту мақсаты бар. Осыған орай, мамыр айының 6-8-і аралығында елордамыз Астана қаласында Азия біріншілігінің електеу сындары өтетін болады. Бұл додаға қатысуға әзірше, Өзбекстан және Түркменстан құрамалары ғана келісімдерін беріп отыр.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: alasharena.kz