Ди Мария: «Реалдан» өз еркіммен кетпедім

О Сансызбай Корреспондент

- Менің «Реалдағы спорттық мансабым соңына жетті. Клуб жейдесін мақтанышпен киіп жүрдім. Өкінішке орай, мен бүгін кетіп барамын. Бірақ, өз қалауыммен емес. Әрбір еңбекқор жан өзінің шыңдала түскенін қалайды. Мен де соны қалаймын. Команда оныншы рет Чемпиондар лигасында топ жарғаннан кейін әлем чемпионатына кеттім. Одан кейін көптеген өсектер тарады. Оның көбісі жалған болатын. Менің клуб ауыстыруым жалақыма да байланысты емес. Әлемдегі ұлы клубтардың бірі – «Манчестер Юнайтедпен» де жоғары жетістіктерге жетемін деп сенемін. «Реалдағы» әріптестерім мен жанкүйерлерден алаңдағы және алаң сыртындағы қателіктерім үшін кешірім сұраймын, – деді Ди Мария жанкүйерлерге жолдаған хатында.

26 жастағы футболшы мен «қызыл сойқандар» бес жылдық келісімшартқа қол қойды. Ал трансфер құны 59,7 миллион фунт стерлингті құрап отыр. Бұл ағылшын клубы мен премьер-лигасындағы ойыншы сатып алудағы рекордтық көрсеткіш болып тіркеліп отыр. Жаңа бапкер ауыстырған клуб осы жазда ойыншылар сатып алу үшін 131 миллион фунт стерлинг қаржы жұмсады.

Расында да Анхель Ди Марияның «Реалдан» кетуі үлкен «жыр» болды десек қателеспейміз. Клуб президенті Флорентино Перес командасына «жұлдызды» ойыншыларды шоғырландырып қана қоймай, реті келгенде пайда табар тұсын да бағамдай білді. Ал жартылай қорғаушының клубтан кетуін «Сантьяго Бернабеу» жанкүйерлері жылы қабылдай қойған жоқ. Өткен жылы Месут Озил де кеткенде дәл осындай жағдай орын алған еді.

Аргентиналық сұрмерген «Реалға» 2010 жылы лиссабондық «Бенфикадан» ауысып келген-ді. Трансфер құны 25 миллион еуроны құраған болатын. Төрт маусымда 190 кездесуге қатысып, 36 гол соққан. Әлемдегі ең көп нәтижелі пас беретін ойыншылардың алдыңғы шебіндегі жартылай қорғаушы енді өз бағын ағылшын премьер-лигасында сынап көрмек. Манкуниандық клубтың бас бапкері Луи ван Гал болса, Ди Мария менің Арьер Роббенім болады деп сұқбат берді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/wc7tzU2tuuo","width":"450","height":"338"});

Айта кетейік, нидерландылық бапкер «Манчестер Юнайтед» тізгінін ұстағалы бері ресми кездесуінде жеңіске жеткен жоқ. Үш ойынның екеуінде жеңіліп, біреуінде тең тарқасты. Ал Луи ван Гал болса, мықты команда жасақтау үшін бір ай уақыт қана емес, бір жыл кетуі мүмкін екендігін де айтуда. Команда кеше Англия лигасы кубогы аясында үшінші дивизиондағы «Милтон Кинс Донс» командасынан ойсырай ұтылып қалды. Ал ол команданың барлық ойыншыларының трансферлік құны Уэйн Рунидің бір апталық жалақысына да жетпейді екен. Англия құрамасы ойыншысының бір аптадағы табысы 300 000 фунт стерлингті құраса, төрт доп басымдығымен жеңген «Милтон Кинс Донс» командасындағы ойыншылар құны 235 000 фунт стерлингті құрайды екен.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vk.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама