Денис Тен Италиядағы турнирде топ жарды
Денис бұл жарыста 231,12 ұпай жинап, Қытайдағы Гран-при жарысындағы көрсеткішінен 7 ұпайға артық жинай алды. Екінші орынға Жапония спортшысы, Бүкіләлемдік Универсиада Ойындарының қола жүлдегері Дайсуке Мураками жайғасты. Оның еншісінде 222,89 ұпай бар. Ал үшінші орын айдын қожайыны Паола Баччиниде (189,07).
Осы жеңісінің арқасында Денис Тен конькимен жүгірушілердің Халықаралық одағының (ISU) рейтингісінде 250 ұпайды қанжығасына байлады. Ал дәл қазіргі кезде жерлесіміз ISU рейтингісінде бесінші орында тұр.
«Merano Cup» халықаралық турнирі 1997 жылдан бері Италияның Мерано қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Айта кетейік, Денис Тен - мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында медаль олжалаған тұңғыш қазақстандық спортшы саналады. 2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен сайыста ол екінші орыннан көрінген болатын. Одан бөлек, ол Алматыда болып өткен қысқы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды.
Ал қазіргі кезде Денис Тен 20-23 қараша күндері аралығында Австрияда өтетін "IceChallenge" турниріне қызу дайындық үстінде.
Сурет: Самрұқ-Қазына баспасөзі