Денис Тен Алматыда шеберлік сабағын өткізді
Бірінші кезекте Денис Алматы айдынына жиналған отыз шақты жас спортшыға сабақ өткізді. Қарапайым және күрделі элементтерді көрсеткен ол әрбір спортшыға жеке-жеке назар аударуға тырысты. Олардың жаттығуларын мұқият қадағалаған Тен кейін олардың жіберген қателерін айтып, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын жан-жақты түсіндірумен болды.
Денис Тен өткізген шеберлік сабақтары екі кезеңнен тұрды. Жастардан соң айдында тәжірибелі ересектер бой көрсетті. Олардың да Теннен үйренері көп екен.
Өткізілген шараға байланысты Денистің өзі былай дейді: "Бізде талантты балалар өте көп. Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының болашағы зор деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені бүгін мен балалардың бойынан осы спорт түріне деген үлкен ынталарын байқадым. Сондай-ақ жақында өтетін "мұз айдынындағы шоу" шарасы да оларға үлкен жігер береді деп ойлаймын.
Жалпы мен өзім осындай шеберлік сабақтарын өткізуден үлкен ләззат аламын. Өзімнің көрген білгендерімді, жинаған тәжірибемді жастармен бөлісемін. Меніңше, осындай шараларды неғұрлым көбірек өткізіп тұруымыз қажет. Себебі оның қатысушыларға да, маған да берері көп".
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: ua.tribuna.com