Дәуренбек Тәжімбетов: «Шахтермен» үшінші рет чемпион атанғым келеді»
— Дәуренбек, жаңа маусымға дайындық қалай өтуде?
— Жалпы дайындықтарымыз жақсы өтуде. Біз жақында Түркиядан оқу-жаттығу жиындарынан оралдық. Ал бүгінде Астанада дайындалып жатырмыз. Жігіттердің барлығы жақсы көңіл-күйде. Сондықтан да алдағы маусымда сәтті өнер көрсетеміз деген ойдамын.
— 3 наурыз күні сіздер Қазақстанның Суперкубогы үшін таласатын боласыздар. Бұл кездесу туралы не айта аласыз?
— Ия, «Шахтер» командасы осымен үшінші рет Қазақстанның Суперкубогы үшін таласатын болады. Алдыңғы екі кездесуінде де жеңіліп қалған болатын. Енді үшінші рет қатысқалы жатқан бұл матчта біз міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек. Жалпы командаға маусымды жеңіспен бастаған дұрыс болар еді. Бапкер біздің алдымызға әр кездесуде тек бір мақсат қояды, ол – жеңу.
— «Шахтер» командасына ауысып келгенде, сізді жанкүйерлер мен команда қалай қабылдады?
— Өте жақсы. Негізінен біз командадағы көптеген ойыншылармен таныспыз. Сондықтан клубтың сапына қосылу маған қиынға соққан жоқ.
—Жаңа бапкеріңіз Виктор Кумыков туралы не айта аласыз?
—Мен бұл бапкермен жақсы таныспын. Біз 2004 жылы «Қайсар» командасының сапында бірге жұмыс істегенбіз. Өз ісінің нағыз шебері десе де болады.
— Қарағандылық команданың негізгі құрамына ілігу оңайға соқпайтын шығар...
— Әрине. Өйткені бұл командада кіл мықты футболшылар жиналған. Шабуыл шебінде командада төрт бірдей «сен тұр мен атайын» дейтін ойыншылар бар. Дегенмен, жатпай-тұрмай дайындалып, негізгі құрамда жиі шығамын деп ойлаймын.
— Жаңа командаңыздың сапында қай нөмірмен өнер көрсетесіз?
— 18-нөмірмен ойнайтын боламын.
— Бұл нөмірді өзіңіз таңдадыңыз ба?
—Ия. Бұл нөмірмен мен бала күнімнен бастап ойнаймын. «Ордабасы» сапында да 18-нөмірмен өнер көрсеткем.
— Жаңа маусымға алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?
— «Шахтер» сапында өзімнің алғашқы маусымымды өткізгелі жатырмын. Сондықтан да үшінші рет командамен чемпион атанғым келеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан : Уалихан Қосанбай
Сурет: Жеке мұрағатынан