Данияр Елеусінов мансабын кәсіпқой бокста жалғастырады
Спорттық басылым ақпараты бойынша боксшыны америкалық компанияның ұсынысы қанағаттандырған. Осыған дейін отандасымыз аустралиялық MJA Entertainment's компаниясымен келісімге қол қойып, кейіннен шартты бұзған еді.
Данияр Елеусіновтің жаңа келісімшарты жайлы Vesti.kz тілшісіне америкалық компанияның бас директоры Зия Алиев айта кеткен.
- Компания боксшының жаттығуы, тұрғылықты орны мен өзге де қажеттіліктерін өз қарауына алады. Даниярдың негізгі жаттықтырушысы, әкесі Марат Елеусінов болады. Оған америкалық жаттықтырушы көмектеседі. Сондай-ақ компания боксшының имидждік жұмысына да көңіл бөледі. Нағыз бренд қалыптастырғымыз келеді, - дейді Алиев.
Компания мен боксшы 5 жылдық келісімшартқа қол қойған. Зия Алиев тағы бір қазақстандық боксшы Иван Дычкоға да назарын салуда.
Айта кетейік, Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысатыны өткен жылы айтылған. Келісімшартқа қол қойғаны да хабарланған. Кейіннен боксшы әуесқой бокста қалатынын айтып, ұлттық құрамаға оралған. Жақында ғана Алматы облысындағы AIBA академиясында Ресей, Өзбекстан құрамаларына қарсы өткен тәжірибені шыңдау турниріне де қатысқан болатын.