Данияр Елеусінов Астанадағы жекпе-жектің тоқтатылуына қатысты күтпеген мәлімдеме жасады
28 ақпанда Астанада бокс кеші өтті. Оның басты оқиғасы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кезекті жекпе-жегі болуы тиіс еді. Алайда жекпе-жекке бір күн қалғанда Елеусіновтің рингке шыға алмайтыны белгілі болды. Промоушен тарапы бұл жағдайды боксшының денсаулық жағдайымен байланыстырды.
"Осы күнге дейін 28 ақпанда өтуі тиіс жекпе-жегім туралы ешқандай пікір білдірген жоқпын. Соңына дейін қарсыласымның кім болатыны белгісіз еді. Бұл үшін Зия Әлиев пен All Stars Boxing промоушенін кінәлай алмаймыз. Олар бұл жекпе-жекті ұйымдастырғысы келді, мен де рингке шығуға дайын болдым. Бірақ мен АҚШ-та болуым керек болды, ол жақта шамамен 20 күн уақыт өткіздім. Одан кейін джетлаг, бейімделу кезеңі болды. Рингке шығу туралы ой болды, бірақ кейінірек жекпе-жек өткізген дұрыс деген шешім қабылдадық", – деп жазды Елеусінов әлеуметтік желіде.
Сонымен қатар, ол рингке оралуын күткен Қазақстандағы жанкүйерлеріне арнайы үндеу жасады.
"Барлық жанкүйерлерім мен көрермендерден, барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Келесі жекпе-жекке толық дайын боламын", – деді боксшы.
Данияр Елеусінов – бокстан Қазақстанның соңғы Олимпиада чемпионы. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро (Бразилия) Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған. Осы жетістіктен кейін кәсіпқой боксқа ауысқан.
Елеусінов соңғы рет 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен бокс кешінде рингке шыққан. Ол бесінші раундта филиппиндік Джо Нойнаяны (23-5-2, 11 КО) мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!