Даниял Гаджиев: «Лондон Олимпиадасына жарақатпен қатыстым»
- Олимпиада ойындарынан кейін мен жаттығуды Америкада бастадым. Лондоннан кейін менде ұзақ уақыт демалыс болды. Сосын ескі жарақаттарымды емдеттім. Жаттығу залына бір ай бұрын ғана келдім. АҚШ-тағы жарыста жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Өйткені, мен ол жақта үш белдесуде жеңдім. Ал финалдық кездеуге бапкерлер шықпағанымды жөн санады.
- Жарақатымды емдедім деп қалдыңыз. Сонда сіз Лондон Олимпиадасына жарақатпен қатыстыңыз ба?
- Солай десе де болады. Олимпиададан соң мен мұрныма операция жасаттым. Мұрнымның толық емделуіне бірнеше ай керек болатын. Дегенмен дәрігерлердің айтқан уақытынан ерте боз кілемге шығып кеттім. Шульц Мемориалындағы жартылай финалдық белдесуде қарсыласым мұрыма тиіп кеттті. Сондықтан мен финалда белдесе алмадым.
- Демалысыңыздың басым көпшілігінде жарақатыңызды емдетіп жүрдіңіз бе?
- Жоқ. Мен Лондоннан оралған соң екі-үш ай демалдым. Отбасыммен бірге болдым. Ал қараша айынан бастап дәрігерлерге қарала бастадым.
- Оқу-жаттығу жиындары барысында қолыңыз босағанда не істейсіз?
- Шыны керек, бізде бос уақыт көп бола бермейді. Себебі, күніне екі немесе үш мәрте жаттығулар өткіземіз. Одан кейін ешқайда қыдыруға да шамаң келмей қалады. Жиындар барысында бір уақыттық жаттығу болса, біз командамен кешке қаланы аралап, кинотеатрға барамыз.
- Күрестен басқа қандай спорт түріне қызығасыз?
- Маған негізі көптеген спорт түрі ұнайды. Бос уақытымда теннис, футбол, баскетбол, волейбол ойнаймыз жігіттермен. Және дзюдоны да ерекше ұнатамын.
- Қандай командаға жанкүйерсіз?
- Мен өзімді шынайы жанкүйермін деп айта алмаймын. Дегенмен, дағыстандық «Анжи» футбол командасының ойындарын жиі қарап тұрамын. Бұл команданы қазір Сүлейман Керимов басқарады. Бұл кісі бір кездері күрестің дамуына да елеулі үлес қосқан.
- Жаттығу жиындары барысында сіздер футбол ойнайтын шығарсыздар. Сол кезде сіз алаңның қай бөлігінде ойнайсыз?
- Әдетте мен жартылай қорғаушы міндетін атқарамын. Кейде шабуылшы да болып кетемін. Қорғаушы және қақпашы қызметін атқарған мүлде ұнамайды.
- Даниял, енді өзіңіздің жеке өміріңіз туралы айтып берсеңіз...
- Мен әзірге сұр бойдақпын. Алдағы қыркүйек айына дейін отбасылы болып қалатын шығармын.
- Үлкен спорттан кету туралы ойланбадыңыз ба әлі?
- Егер Олимпиада ойындарын жеңген болсам, ойлануға болар еді. Дегенмен Лондонда қола алған соң, спортты жалғастыра беремін деп шештім.
- Үлкен спорттан кеткен соң, қандай іспен айналысатын боласыз?
- Спорттың маңайында қалатын шығармын. Әлі де болса ол жағын шешкен жоқпын. Бапкер болуға да қарсы емеспін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: astanafans.com, www.wrestling.kz, sports.kz