"Дакардың" үшінші кезеңі мәресіне жетті
Үшінші кезең қорытындысы бойынша, жол талғамайтын автокөліктер арасында испандық Хоан Нани Рома («Mini») экипажы бірінші болып мәре сызығын кесті. Ол жалпы жолды 2 сағат 58 минут 52 секундта басып өтті. Екінші болып 1 минут 7 секунд кешіккен поляк Кшиштоф Холовчик (MINI) экипажы келді. Үшінші сатыдан оңтүстікафрикалық Лерой Паултер («Toyota») көрінді.
Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко («Proto Overdrive») қазақстандық-ресейлік экипаждар жұбы бұл кезеңде 20-шы болып мәреге келді. Олар барлық жолды 3 сағат 15 минут 55 секундта жүріп өтті. Ал екінші жарысқа қатысып жатқан экипаждарымыз Денис Березовский мен Игнат Фальков («Nissan») жұбы 63-ші нәтижені көрсетті. Ал кеше Бауыржан Исабаев пен Ғабдулла Әшімов автокөлігі отқа оранып, жарамсыз болып қалған болатын. Әзірге Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко жұбы жалпы есепте 21-ші орында келеді. Ал екінші экипаждарымыз 57-ші сатыға тұрақтап тұр.
Ауыр жүк көліктері арасында бақ сынап жатқан Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы үшінші кезеңде мәреге 23-ші болып келді. Бұл санаттағы жарыста ресейлік Андрей Каргинов экипажы жеңімпаз болып танылды.
Бүгін «Дакар-2014» ралли-марафонының төртінші кезеңі өтеді. Бұл кезеңдегі жол Сан-Хуан мен Чилекито аралығын жалғап жатыр. Жалпы ұзақтығы жол талғамайтын көліктер үшін 868 шақырым, ауыр жүк көліктері үшін 657 шақырымды құрайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com