"Дакардың" бесінші кезеңі мәресіне жетті
Ауыр жүк көліктері үшін 527 шақырым жолды құраған Чилекито мен Тукуман арасындағы бесінші кезеңде ресейлік "КАМАЗ-Мастер" командасының өкілі Дмитрий Сотников экипажы бірінші болып келді. Ол барлық жолды 4 сағат 47 минут 46 секундта жүріп өтті. Екінші орында да екі минут кешіккен ресейлік Андрей Каргинов келді. Ал үшінші орын жалпы есепте көш бастап келе жатқан голланд Жерар де Ройға («Iveco») бұйырды. Төртінші болып мәре сызығын кескен қазақстандық экипаж қорытынды есепте 32-ші орыннан, 25-ке көтерілді. Көш басшысынан 9 сағатқа қалып келеді.
Жол талғамайтын көліктер арасында бесінші кезеңді испандық Хоан Нани Рома («MINI») бағындырды. Ал қазақстандық-ресейлік құрамдағы Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы («Proto Overdrive») бұл кезеңді 16-шы болып аяқтады. Денис Березовский мен Игнат Фальков жұбы («Nissan») 41-ші сатыдан көрінді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sport.gazeta.kz