Дакар-2014. Сегізінші күн

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Жол талғамайтын көліктер арасында кезең жеңімпазы болып 510 шақырымды (оның 302 шақырымы арнайы жолдар) басып өтіп, 2 сағат, 32 минут және 57 секунд уақытын көрсеткен катарлық Нассер Аль-Аттия (MINI) танылды. Екінші болып оның командаласы француз автошабандозы Стефан Петрансаль келсе (+1,12), үшінші орын испандық (SMG) Карлос Сайнске (+2,36) тиді. Ал Proto Overdrive көлігін басқарған қазақстандық Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко экипажы мәрені 21-ші болып кесті. Олар жеңімпаз топқа 21 минут және 42 секунд ұтылып қалды. Жарысқа Nissan көлігімен Т2 тобында қатысып жатқан құрамында Денис Березовский мен Игнат Фальков бар тағы да бір қазақстандық Томанда 77-ші орыннан көрінді.   

Сонымен жол талғамайтын көліктердің сынының жалпы есебінде көшбасшы орынды Петрансальдан 23 минут, 46 секунд және де оңтүстік африкалық Жиньель де Вильерстен 48 минут, 25 секунд алда келе жатқан испандық Хоан Нани Рома (Mini) сақтап қалды. Рахимбаев пен Демьяненко жұбы топ басындағы шабандозға 4 сағат, 8 минут және 19 секунд ұтылып келеді. Ал Березовский мен Фальков 49 орында, ал Т2 тобында бесінші келеді.

Кезең аяқталысымен Айдын Рахимбаев дәстүрлі түрде өзінің Фейсбук парақшасында жүріп өткен жолының қандай болғанын толығырақ жазды:

«Дакар. Тоғызыншы күн. Бүгін Анд асуларын бағындырдық. Бүгін тағы да MINI көлігінің күні болды. Таулы жерде, жылдам жолдарда ол турбодизель мен 900 моментінің арқасында барлығын қапыда қалдырды. Бірақ біздің еш өкпеміз жоқ. Алда Чилидің құмды жерлерге толы үш кезеңі күтіп тұр. Анд тауларының арасында Аргентина мен Чили шекарасынан өттік. Көліктен түскен де жоқпыз, барлық мәселе 30 секундтың ішінде шешілді. Тек виза жапсырылған құжатымызды ғана көрсеттік.

Қайтадан жарыс жолына шығып, мәреге қарай жүйткідік. Ұсақ тастар, құмды жол, әдеттегідей қиындықтар. Көлігіміз ауа-райының қолайсыздығынан болар жолда біраз қиналды. Кеше көлікті жөндегенімізбен нәтижесі шамалы сияқты. Әсіресе бұрылыстарда басқару аса қиынға соқты. Механиктер мәреге жеткеннен кейін қайта жөндеуге уәде берді. Бірінші күннің нәтижесі осылай – 20 орын, 19-шы келген көлікпен уақыт айырмашылығы 302-ші шақырымда 40 секундты құрады. Біздің алдымызда MINI көлігін басқарған Борис Гарафулик келді (12 орын). Бүгін екеуімздің арамызды бір жарым минут бөлді. Ол нағыз кәсіпқой автошабандоз. Чилидің атақтысы. Өз отанында барын салатыны күмәнсіз.

Бүгін бір қызығы барлығымыз үшін тыныш жарыс кезеңі болды. Ешкім оқыс оқиғаға ұшыраған жоқ.

«Дакардың» тоғызыншы күнінен кейін спортшылар 6 263 шақырымды артқа тастады. Ертең бізді 456 шақырым болатын жол күтіп тұр»,-дейді Рахимбаев.

Жүк көліктері арасында жеңісті ресейлік «КАМАЗ-мастер» командасының экипажы Андрей Каргинов тойлады. Ол осы аралықты 2 сағат, 53 минут және 32 секундта бағындырды. Екінші болып мәреге голландиялық шабандоз, жарыстың басты фавориті Iveco-ны басқарған Жерар Де Рой (+5,15) келсе, үшінші орын Каргиновтың командаласы Дмитрий Сотниковке (+6,55) бұйырды. Қазақстан туы астында жарысқа түскен Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек басқарған Tatra жүк көлігі кезең қорытындысы бойынша тек 28 орынды қанағат тұтты (+1:00:24).


Ал енді ауыр көліктердің жалпы есебіне тоқтала кетсек. Топ басында сол баяғы Де Рой келеді. Каргинов оған 32 минут және 25 секунд ұтылып, екінші орында тұр. Эдуард Николаев экипажы 1 сағат, 12 минут және 1 секунд есе жіберіп, үшінші орынға тұрақтаған. Ал Ардавичус бастаған біздің жігіттер жалпы есепте 23 орында. Олар де Ройға он сағаттан аса уақыт қалып келеді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет:  Astana Motorsports БҚ

 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама