«Дакар - 2014» ралли-марафоны мәресіне жетті
Жол талғамайтын көліктер арасында испандық Хоан Нани Рома (MINI) жеңімпаз болып танылды. Чемпион мен екінші орын алған франуз Стефан Петерансель арасын небәрі 5 минут 38 секунд қиды. Үшінші орын катарлық Нассер Салех Аль-Аттияға (MINI) бұйырды. Ал бұл сында жерлесіміз «Proto Overdrive» автокөлігімен бақ сынаған Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы жалпы есепте 17-ші орынға тұрақтады. Қазақстандық пен жарыс жеңімпазын 12 сағат 33 минут бөлді. Екінші «Nissan» көлігімен жарысқа қатысқан қазақстандық экипаж Денис Березовский мен Игнат Фальков жарысты 37-ші орынмен аяқтады.
Ауыр жүк көліктері арасында ресейлік Андрей Каргинов топ жарды. Екінші орын голландиялық Жерар де Ройға бұйырса, үштікті тағы бір ресейлік "КАМАЗ-мастер" экипажы Эдуард Николаев қорытындылады. Ал бұл сында еліміздің намысын қорғаған Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек («Tatra») экипажы 14-ші орынды қанағат тұтты. Жарыс жеңімпазы арасын 15 сағат бөлді.
"Дакар-2014" ралли-марафонының мотоцикл сайысында испандық Марк Кома («КТМ») жеңімпаз шықса, квадроциклдер жарысында чилилік Игнасио Касале («Yamaha») чемпион атанды.
Естеріңізге сала кетсек, 35-ші рет ұйымдастырылып отырған «Дакар» ралли-марафоны алтыншы жыл қатарынан Оңтүстік Америкада байрағын желбіретті. 2014 жылғы бұл дода Аргентина, Боливия және Чили елі аумақтарын басып өтті.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: almrally.ru