Дакар-2014. Оныншы кезең қорытындысы
Жол талғамайтын көліктер арасында катарлық Нассер Салех Аль-Аттия («MINI») бірінші болып келді. Ол барлық жолды 4 сағат 23 минут 35 секундта басып өтті. Екінші болып француз Стефан Петерансель («MINI») келсе, үштікті испандық Хоан Нани Рома қорытындылады. Ал қазақстандық Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы 16-шы болып мәре сызығын кесті. Ол кезең жеңімпазынан 1 сағат 42 секундқа кешікті. Екінші қазақстандық экипаж Денис Березовский мен Игнат Фальков жұбы 10-шы кезеңді 30-шы орынмен аяқтады.
Ауыр жүк көліктері арасында Алеш Лопрайс (Tatra) экипажы жеңімпаз болып танылды. Ал қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек («Tatra») экипажы мәрені 13-ші болып кесті.
Жалпы есепте жол талғамайтын көліктер арасында Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы 14-ші орыннан 11-ші сатыға көтерілсе, Денис Березовский мен Игнат Фальков жұбы 35-ші орында келеді. Ал ауыр жүк көліктері арасында Ардавичус бастаған жігіттер 21-ші орынды иеленіп тұр.
Бүгін Антофагас пен Эль-Сальвадор арасын жалғайтын «Дакар-2014» ралли-марафонының 11-ші кезеңі бастау алады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz