Чиншанло тұрмысқа шықты
Зульфия Чиншанлоның айтуынша, жолдасы екеуі біраз уақыттан бері таныс екен. Олар Қытайда ауыр атлетикамен айналысуды бірге бастағанымен, ол қазір спортпен айналыспайды. Жас жігіт зілтемірші қызымызға бүкіл Олимпиада бойы қолдау білдіріп келген. Жас жұбайлар тек қана еңбек демалыстарында кездескені болмаса, интернет арқылы араласып тұрғандықтарын айтады.
Чиншанло Олимпиада ойындарында жеңіске жеткеннен кейін болашақ күйеуі Алматыға келеді де, біршама уақыттан кейін АХАЖ-ға барып, некеге тұрады.
З. Чиншанло айтқандай, олар мұндай оқиға үшін үлкен салтанатты шараларды өткізгісі келмеген. Бұл туралы тек бірнеше адам ғана білетін болып шықты. Тіпті, некеге тұрғаннан кейін де тұрмыс құрғандығын мәлімдегісі келмеген. Спортшы қазірдің өзінде жолдасының есімін атаудан бас тартып отыр.
Чиншанло жаттығу жұмыстарын бастап та үлгерді, тіпті Польшадағы чемпионатқа дайындық жұмыстары жүріп жатқан Текеліде бірнеше күн болып келген.
Естеріңізге сала кетейік, Лондон Олимпиадасының чемпиондарына бір жыл еңбек демалысы жарияланғандықтан, олар биыл сайысқа түспейді. Зілтемірші қызға жеке өмірін ретке келтіруге мүмкіндік берілгендіктен, уақытты ұтымды пайдаланып жатқандығын көріп отырмыз. Осы көктемде басқа зілтемірші Майя Манеза тұрмыс құрып, бірнеше күн бұрын жолдасы Вячеслав Ершов екеуінің Арсений атты ұлдары дүниеге келді. Шілде айының басында Олимпиада жеңімпазы Светлана Подобедова мен 2009 жылы ауыр атлетикадан чемпион атанған Владимир Седлов отбасын құрған болатын.
Сурет: tengrinews.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева