Чемпиондар лигасы. «Реалды» ауыр сын күтіп тұр

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vk.com

«Манчестер Сити» (Англия) - «ПСЖ» (Франция) 

Лоран Блан жаттықтыратын Париждің «ПСЖ» футбол клубы өз алаңында өткен ойында «Манчестер Ситиді» ұта алмады. 2:2 есебімен тең тарқасқан болатын. Бұл нәтиже манчестерлік клуб үшін тиімді. Бүгін тең есеп сақталып жатса (0:0, 1:1), ағылшындық клуб өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығатын болады. Ал чемпиондық атақты жылдағыдан ерте жеңіп алған «ПСЖ» үшін бұл ойынның маңызы жоғары.

«ПСЖ» командасы сапынан Давид Луиз бен Блез Матюиди ескертулеріне байланысты алаңға шыға алмайды. Десе де жарақат алған Хавьер Пасторе мен Марко Вератти қатарға қосылып отыр. Бірақ, бүгінгі ойынға қатысу, қатыспауы белгісіз.

«Манчестер Сити» клубынан жарақатына байланысты Рахим Стерлинг пен Венсант Компани ойынға қатыса алмайды.

Букмекерлік орталықтар ойында «ПСЖ» аз ғана басымдық бойынша фаворит саналып отыр. Ал келесі кезеңге өту мүмкіндігі бойынша - «Манчестер Сити» алда.

Бүгін түнде өтетін ойында қос клубтың да гол соғу мүмкіндігі жоғары. Себебі, екі клуб та шабуылға баса назар аударатын ұжымдар қатарынан.

Біздің болжам: (екі команда да гол соғады, 2:1)

«Реал» (Испания) - «Вольфсбург» (Германия)

Зиннедин Зидан жаттықтыратын мадридтік клубты бүгін нағыз ауыр сын күтіп тұр. Бір апта бұрын «Реал» түзде «Вольфсбургке» екі доп айырмасымен есе жіберіп, есеңгіреген еді. Енді Роналду бастаған жігіттер сол есесін бүгін қайтармаса, жартылай финал жолдамасынан қағылатын болады.

«Сантьяго Бернабеудегі» ойынды футбол жанкүйерлері асыға күтіп отырғаны анық. Әсіресе, «корольдік клубтың» жанкүйерлері. Ал «Реал» ойыншылары да бұл ойында тағатсыздана күтіп жүргені анық.

«Реал» өз алаңында бірінші нөмірмен ойнайтыны бесенеден белгілі. «Вольфсбург» өз алаңында өткізген ойыны секілді сауатты қорғана білсе, алаң иелерінің апшысын қуырары анық. Егер ерте гол соқтырып алса, психологиялық тұрғыдан мадридтік клуб ойыншыларына төтеп беру қиын.

Спорт сарапшылары «корольдік клубтың» келесі кезеңге өту мүмкіндігін тең бағаласа, букмекерлік орталықтар жартылай финалға «Реалдың» шығу мүмкіндігі жоғары деп болжам жасауда.

Біздің болжам: («Реал» жартылай финалға шығады)

Ал сіздің болжам қандай?

Ойындар Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады. «Он-тв» арнасы тікелей эфирде Мадридтегі ойынды тікелей эфирде көрсететін болады.  

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама