Чемпиондар лигасы. «Реал» мен «Ювентус» жартылай финалға шықты
Андреа Пирлоны арманы алға жетелеп келеді
«Монако» өз алаңында гол соғуға ұмтылғанмен, Джанлуиджи Буффон қорғаған қақпаның кілтін таба алмады. Италия құрамасының қақпашысы өзінің тіс қаққан ойыншы екенін тағы бір дәлелдей білді. Нәтижесінде «Луи ІІ» стадионына жиналған жанкүйерлер гол көрмей тарқасты. Қос кездесу қорытындысы бойынша 1:0 есебімен келесі кезеңге италиялық клуб өтті. Бірінші ойында «Ювентуске» жеңіс сыйлаған голды 57 минутта Артур Видаль пенальтиден соққан болатын.
Италия құрамасы мен «Ювентустың» белді ойыншысы Андреа Пирло осыған дейін "Чемпиондар лигасын жеңіп алсам, спорттық мансабымды аяқтаймын" деген болатын. Әзірге футболшының бұл арманы алға жетелеп келеді.
«Реалдың» жеті ойын күттірген жеңісі жартылай финалға алып шықты
Жартылай финалдың аса тартысты кездесулерінің бірі Мадридте өтті. Төрткүл дүние көз тіккен ойында «корольдік клуб» ойыншыларының мерейі үстем болды. Соңғы жеті ойында «Атлетиконы» жеңе алмай келген «Реал» бірінші минуттардан-ақ қарсыласты тығырыққа алған-ды. Бірақ, 76 минутта Арда Тұран екінші сары қағазын алып алаңнан қуылғанша есеп ашылмады. Хавьер Эрнандес пен Криштиану Роналду өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаған еді. Бір ойыншысы артық болған «Реал» ойынның негізгі уақыты ақталуына 2 минут қалғанда жеңіс голын соқты. Хамес Родригес пен Криштиану Роналдудың сәтті пас алмасуы Чичаритоның гол соғуына мүмкіндік сыйлады. Өз кезегінде мексикалық шабуылшы мүлт кеткен жоқ.
Диего Симеоне шәкірттері Икер Касильяс қорғаған қақпаны көп нысанаға алған жоқ. Нәтижесінде танымал қақпашы Чемпиондар лигасындағы өз қақпасына гол өткізбеген ойындарының санын 52-ге жеткізіп, рекорд орнатты.
Айта кетейік, кеше Чемпиондар лигасының жартылай финалына «Бавария» мен «Барселона» шыққан болатын. Бүгін «Реал» мен «Ювентустың» жарысты жалғастыратыны белгілі болды. Жартылай финал ойындарының жеребесі 24 сәуір күні Швейцарияның Ньон қаласында өтетін болады.
Сурет: AFP