Чемпиондар лигасы. "Ливерпуль" мен "Тоттенхэм" жартылай финалға шықты

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ uefa.com

•••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••

"Манчестер Сити" (Англия) – "Тоттенхэм" (Англия) 4:3

Ширек финалдағы ағылшындық клубтардың текетіресі тартысқа толы болды. Бірінші ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен Тоттенхэм қарымта кездесуде де қаймықпады.

Этихадта өткен екінші ойында гол жауды. Бас төреші Джунейт Шәкір ысқырығы шалынысымен-ақ алаң иелері шабуылға лап қойды. Нәтижесінде Рахим Стерлинг гол соқты. Бұл Чемпиондар лигасындағы манчестерлік команданың ең жылдам голы болды. Алайда лондондық команда лезде қарымын қайтарды. Бір емес, екі гол соқты. Сон Хын Мин дубль жасады.

"Манчестер" Сити ойыншылары да кезекті голдарын көп күттірмеді. Бернарду Силва бағыттаған доп қорғаушылардың біріне тиіп, қақпа төрінен бір-ақ шықты. 21 минутта Рахим Стерлинг дубль жасап, жергілікті жанкүйерлерді қуантты.

59 минутта Серхио Агуэро гол соққанда Хосеп Гвардиола командасы жартылай финалға жақындай түскен. Бұл голдан кейін "Тоттенхэмнің" ойыны тоқырап қалған жоқ. 83 минутта бұрыштамадан асырылған доп Фернандо Льорентенің беліне тиіп, Эдерсон қорғаған қақпаның торында тулады. Бас төреші VAR қызметіне жүгініп барып голды есепке алды. Себебі доп шабуылшының қолына тигендей көрінген.Бұл тұста испандық ойыншы қолын тартып үлгерген екен.

Ойын соңында "Манчестер Ситидің" шабылы арта түсті. Екі ойын қорытындысы бойынша есеп тең болғанмен, сырт алаңда соққан голдарының "салмағы" бойынша "Тоттенхэм" алда болды.

Қосымша уақытта Рахим Стерлинг үшінші голын соғып, "Манчестер Сити" жанкүйерлерін қуантқан. Алайда VAR видеоқайталауынан кейін гол есепке алынбады. "Тоттенхэм" 1/2 финалға шықты.


Жартылай финалда лондондық команда Амстердамның "Аякс" клубымен кездеседі.

•••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••••

"Порту" (Португалия) – "Ливерпуль" (Англия) 1:4                             

Юрген Клопп шәкірттеріне ширек финалдағы ойын қиындық тудыра қоймады. Бірінші ойында "Портуды" 2:0 есебімен айқын ұтқан. Қарымта кездесуде төрт гол соғып, өз қақпаларына бір гол ғана өткізді.

"Драгау" стадионында өткен екінші ойында "Ливерпуль" клубы сапынан Садио Мане, Мұхаммед Салах, Роберто Фирмино мен Вирджейл Ван Дейк бір-бір голдан соқты. Ал "Портудың" бір голын 69 минутта Эдер Милитао өз еншісіне жазды.


Жартылай финалда "Ливерпуль" каталондық "Барселонамен" кездеседі.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама