Чемпиондар лигасы. "Ливерпуль" мен "Тоттенхэм" бірінші ойында жеңіске жетті
"Ливерпуль" (Англия) - "Порту" (Португалия) 2:0
"Энфильд" стадионында өткен ойында алаң иелері 2:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Екі голды да мерсисайдтық команда бірінші таймда соқты. Роберто Фирмино үздік ойынымен көзге түсті. 5 минутта бразилиялық ойыншы берген пастан кейін Наби Кейта есеп ашты. Ал 26 минутта Фирмино өзі гол соқты.
Жеребе түскенде-ақ ағылшындық команда фаворит саналған. Бірінші ойында-ақ бір бас жоғары екенін байқатып, жартылай финалға қадам жасады. Қарымта ойын бір аптадан кейін "Порту" алаңында өтеді.
"Тоттенхэм" (Англия) - "Манчестер Сити" (Англия) 1:0
Ағылшындық клубтардың текетіресі қашан да қызық. Ойын нәтижесін болжап айту қиын. Сондай ойындардың бірі Лондонда өтті. "Тоттенхэм" командасы өзінің жаңа алаңында "Манчестер Ситиді" 1:0 есебімен ұтты.
Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды 78 минутта Сон Хын Мин соқты. Ал Хосеп Гвардиола шәкірттерінің де мүмкіндігі болмады емес, болды. Бірінші тайм басында Серхио Агуэро пенальтиді сәтті орындай алмады. Аргентиналық шабуылшының тепкен добын Уго Льорис қайтара біліп, жергілікті жанкүйерлер мен командаластарының қошеметіне бөленді. Ал пенальти видеоқайталаудан кейін барып белгіленген болатын.
Бұл екі команда арасындағы ойын да бір аптадан кейін өтеді. Екі кездесу нәтижесі бойынша жартылай финалға шыққан команда анықталады.
Ширек финалдағы ойындар бүгін түнде қайта жалғасады. Амстердамда "Аякс" пен "Ювентус", Манчестерде "Манчестер Юнайтед" пен "Барселона" кездеседі. Ойындар Нұр-Сұлтан уақытымен сағат түнгі 01:00-де басталады.