Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдындағы болжамдар

О Сансызбай Корреспондент

«Манчестер Сити» (Англия) - «Барселона» (Испания)


Мануэль Пеллегрини командасы мен Херардо Мартино ұжымы осыған дейін жасыл алаңда бір-бірімен тоғыз кездесу өткізген екен. Соңғы ойын 2009 жылы өткен. Мартин Петровтың соққан жалғыз голының арқасында манчестерлік команда жеңіске жеткен екен.

«Манчестер Сити» командасының спорттық директоры Чики Бегиристайн мәліметі бойынша, каталондық команданың осал тұсын табуға Ла-Лигадан келген Мануэль Пеллегрини мен ойыншылар дайын екенін жеткізуде.

Ағылшын ұжымы топтық кезеңде «Бавария»,  «Виктория Пльзен» және «ЦСКА» командаларымен бір топта бақ сынады. Және топтан екінші орынмен келесі кезеңге өтті. Соңғы ойынында «Альянс –Аренада» мюнхендік команданы тізе бүктіріп кетті. Ал соңғы кездесуін лондондық «Челсиге» қарсы өткізіп, 2:0 есебімен басым түсті.

Месси бастаған жігіттер Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде «Милан», «Аякс» және «Селтик» командаларымен бір топта өнер көрсетті. Және топтан бірінші орынмен шықты. Десе де «Миланмен» 1:1 есебімен бір кездесуді аяқтаса, «Аяксқа» 1:2 есебімен есе жіберіп алды. Үш күн алдын Ла-Лиганың 24-ші туры аясында «Райо Вальеканоны» 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Барселона» командасының құрамы ойынға сақадай-сай дайын. Жарақат алған Неймар да қатарға қосылды. Ал  ағылшындық ұжымның құрамында ойынға қатыспайтын ойыншылар бар. Оның бірі – алаңнан шеттетілген Джеймс Милнер болса, екіншісі - қаңтар айының соңында жарақат алған Серхио Агуэро. Есесіне алаң иелерінің қатарын Фернандиньо толықтырып отыр.

2010 жылы «Манчестер Сити» қатарына «Барселонадан» ауысып келген Яя Туре ағылшындық клубтың нағыз көшбасшысына айнала білді. Ол каталондық команданың құрамында 74 кездесу өткізіп, 4 гол соққан. Кездесу алдында футболшы өз ойымен бөлісті:

- Бұл өте қиын. Мен «Барселонаға» қарсы ойнағым келмейді. Каталондық клубты құрметтеймін, көп сәтте маған көмек қолын созды. Достарым ойнайды. Оларға қарсы ойнау қиын секілді. «Камп Ноуда» доп тебуді армандадым. Және орындалды да. Енді мені сонша құрметтеген жанкүйерлерге қарсы ойнағым келмейтіні анық. Десе де бұл футбол...- деді.

Бүгінгі «Эмирейтс» стадионында өтетін ойын туралы футбол мамандары да өз ойларын білдіруде.

Жозе Моуринью


- Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, сөзсіз фаворит – «Барселона». Бірақ қазіргі «Барселона» бұрынғы «Барселона» емес. Сондықтан да «Манчестер Ситиде» жеңуге мүмкіндік бар.

Майкл Оуэн


- Мануэль Пеллегрини ойын жүйесін дұрыс ұстанса, «Манчестер Сити» жеңіске жете алады. Ал өзге ағылшын клубтарының қатарынан «Манчестер Юнайтед» қиын кезеңді басынан кешіріп жатса да, ¼ финалға шығады деп ойлаймын. «Арсенал» мен «Челсиге» 1/8 финалдағы кездесулер оңай соқпайтыны анық.

Сонымен бүгін түнгі 1:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Манчестер Ситидің» жеңісіне –2, 94 коэффицент, тең ойынға – 3,51 коэффицент, «Барселона» жеңісіне – 2, 36 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:1 немесе 2:2 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға швециялық төреші Йонас Эрикссон қазылық жасайды.

«Байер» (Германия) – «ПСЖ» (Франция)


Өз тарихтарында екі клуб бір-бірімен кездесу өткізбеген екен. Сондықтан да екі ұжымды да тартысты кездесу күтіп тұр.

Леверкузендік команда «А» тобында өнер көрсетіп, екінші орынға ие болды. «Қызыл сойқандардан» 2 рет жеңіліс тапса, бір рет донецкілік «Шахтермен» тең ойнады. Қалған ойындардағы жеңістер клубты келсі кезеңге сүйреп шықты.

Лоран Блан жаттықтыратын «ПСЖ» өз тобының көшбасшысы болды. «Олимпиакос», «Бенфика» және «Андерлехт» командаларының мысын басты. Десе де топтық кезеңдег соңғы екі ойыннан 1 ғана ұпайға ие болды.

«Байер» соңғы екі кездесуін де өз алаңы саналатын «Бай-Аренада» өткізіп, екеуінде де жеңіліс тапты. Германия Кубогы аясында күтпеген жерден «Кайзерслаутернге» есе жіберіп алса, бундеслигадағы маңызды кездесулердің бірі саналған «Шалькеге» қарсы ойында да жеңіліске ұшырады.

«ПСЖ» соңғы ойынын «Валаньсенге» қарсы өткізіп, 3:0 есебімен басым түсті. Команда жүйелі ойынымен жанкүйерлерін қуантып келеді. Сондықтан да бүгінгі кездесудегі аздап болса да фаворит екені белгілі. Алаң иелері қатарынан жарақатына байланысты Робби Крузе мен ойыннан шеттетілген Эмре Джан кездесуге қатыспайды. Ал париждік команда қатарынан Эдинсон Кавани мен Кристофф Жалле алаңда өнер көрсетпейді.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

Байер: Лено — Хильберт, Волльшайд, Эмер Топрак, Бениш — Рольфес, Л.Бендер, Кастро, Сэм, Сон Хен Мин — Кисслинг.

ПСЖ: Сиригу — ван дер Вил, Алекс Диас, Тьяго Силва, Максвелл — Тиагу Мотта, Матюйди, Верратти — Ибрагимович, Лавесси, Лукас Моура.

Бүгінгі кездесуге 38 жастағы венгрлік қазы Виктор Кашшаи төрелік жасайды. Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы леверкузендік команда мен лондондық «Челси» ойынында осы қазы басқарған болатын. Ол кездесуде неміс ұжымы жеңіске жеткен-ді.

Сонымен бүгін түнгі 1:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Байер» жеңісіне –3,3 коэффицент, тең ойынға – 3,41 коэффицент, «ПСЖ» жеңісіне – 2, 21 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:2 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Кездесудің жазба нұсқасын түнгі 03:00-де «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама