Чемпиондар лигасы. «Бавария» мен «Барселона» бабын байқатты (видео)

О Сансызбай Корреспондент

Луис Энрике жаттықтыратын «Барселона» бірінші ойында-ақ «ПСЖ» клубын 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтуге үлкен қадам жасаған болатын. Қарымта ойында да париждік клуб каталондық ұжымға қарымды қарсылас атана алмады. «Камп Ноуда» өткен ойында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Екі голды да клубтың бразилиялық шабуылшысы Неймар өз еншісіне жазды. Қос кездесу қорытындысы бойынша «Барселона» 5:1 нәтижесімен жартылай финалға сүрінбей өтті.

Мюнхендік «Бавария» «Альянс-Аренада» тарихи жеңісін тойлады. Келесі кезеңге өту мүмкіндігі 24,1 % саналған Хосеп Гвардиола жаттықтыратын ұжым нағыз мінез көрсетті. Алаң иелерінің алғашқы минуттардан бастап-ақ жасаған адуынды шабуылдары «Порту» ойыншыларының адымын аштырмады. Үлкен қысымға тап болған португалдық клуб ойыншылары сәт сайын қателікке бой алдырумен болды. 14 минутта Тьяго Алькантара есеп ашты. Есін жинай алмаған «Порту» қорғаушылары араға 8 минут сала өз қақпаларынан екінші допты алып шықты. 22 минутта Жером Боатенг белсенді. Сонымен қатар, бірінші тайм аяқталғанша Роберт Левандовский дубль авторы атанса, Томас Мюллер бір допты еншісіне жазды. Нәтижесінде «Бавария» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің бірінші таймында ең көп гол соққан ұжым ретінде рекорд тіркеді.

Екінші таймда «Порту» ойынына аздап қан жүгіргенмен, нәтиже шықпады. 73 минутта Джексон Мартинес Мануэль Нойер қақпасына гол соғып, командасын нөлдік нәтижемен жеңілуден аман алып қалды. Ойынның негізгі уақыты аяқталуына 3 минут қалғанда Маркано («Порту») алаңнан қуылып, Хави Алонсо кездесудегі соңғы голды тіркеді. Қос кездесу қорытындысы бойынша «Бавария» 7:4 есебімен жартылай финалға өтті. Сонымен қатар, төрт маусым қатарынан жартылай финалға дейін жеткен төртінші клуб атанып отыр.

Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығатын қалған екі клуб бүгін түнде өтетін ойындарда анықталатын болады. Мадридтік дербиде «Реал» мен «Атлетико» кездессе, «Монако» өз алаңында туриндік «Ювентусты» қабылдайды. 

Сурет: өңделген

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама