Чемпиондар лигасы. «Бавария» жартылай финалға шыға ала ма?
«Барселона» жартылай финал жолдамасын 98,5 % иеленіп тұр
«Камп Ноуда» өтетін ойынның тағдыры ертерек шешіліп қойған секілді. Бір апта бұрын Парижде өткен ойында «ПСЖ» «Барселонаға» 1:3 есебімен ұтылды. Тым құрығанда дәл осындай есеппен Лоран Блан шәкірттері Каталонияда жеңіске жетеді деп айту қиындау.
«ПСЖ» көшбасшысы Златан Ибрагимович пен Марко Вератти қатарға қосылғанмен, «блаугрананың» жартылай финалға шығу мүмкіндігі жоғары. Байқасаңыздар париждік клубтың Чемпиондар лигасындағы соңғы ойындарында қорғаушылар гол соғып келеді. Златанның өзі «Барселонаға» қарсы алты ойынында гол соға алған жоқ.
«Барселона» бүгінде бабында. Месси, Неймар мен Суарес триосы айды аспанға шығарып жүр. Ал «ПСЖ» «Бавария» секілді ойыншыларының жарақат алуына байланысты аздап ақсап тұр. Бүгін түнде өтетін кездесуге жарақатына байланысты Тьяго Силва мен Тьяго Мотта қатыспайды.
Чемпиондар лигасында сырт алаңда 1:3 есебімен жеңіске жеткен клубтардың 98,5 %-ы келесі кезеңге өтіп келеді. Яғни, бірінші ойында жеңіске жеткен «Барселонаның» мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар, каталондық клуб бүгін «Камп Ноуда» Чемпиондар лигасындағы 100-ші ойынын өткізеді.
Клубтардың кездесуге шығуы мүмкін құрамы
«ПСЖ» мен «Барселона» арасындағы ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады. Кездесуге норвег төрешісі Свейн Моэн қазылық жасайды.
«Баварияның» жартылай финалға шығу мүмкіндігі 24,1 % ғана
Чемпиондар лигасында фаворит саналған мюнхендік «Бавария» бір апта бұрын түзде «Портудан» 1:3 есебімен ұтылды. Мұны мюнхендік клубтың негізгі құрам ойыншыларының жарақат алуымен түсіндіруге болады. Португалдық клубтың жартылай финалға шығу мүмкіндігі жоғары. Себебі, қазіргі таңда мюнхендік клубтың 7 ойыншысы жарақатына байланысты жасыл алаңға шыға алмай жүр. Олардың қатарында негізгі құрам ойыншылары Арьен Роббен, Бастиан Швайнштайгер, Давид Алаба және Франк Рибери бар. Бұлардан өзге «Портуға» қарсы ойынға Хави Мартинес, Бенатия және Штарк алаңға шыға алмайды. Ал «Порту» сапынан ескертуіне байланысты Данило мен Алекс Сандро ойынға қатыспайды. Жарақатына байланысты Кристиан Тельоның да алаңға шығуы белгісіз қалып отыр.
Чемпиондар лигасының өз алаңында 3:1 есебімен жеңіске жеткен клубтардың 75,9 %-ы келесі кезеңге өткен. Мюнхендік клуб екі доп айырмасымен жеңілген ойындарында ешқашан келесі кезеңге өтпеген. Егер Хосеп Гвардиола шәкірттері екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жетер болса, Чемпиондар лигасында қатарынан төрт рет жартылай финалға өткен төртінші клуб болады. Осыған дейін төрт маусым қатарынан жартылай финалға өткен «Барселона», «Реал» және «Ювентус» клубтары.
Клубтардың кездесуге шығуы мүмкін құрамы
Букмекерлік орталықтар «Портудың» жартылай финалға өту мүмкіндігін 1,86 коэфициентпен бағаласа, «Баварияның» келесі кезеңге өтуіне 2,05 коэфициент беруде. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады. Кездесуді «КТК» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Сурет: faneille.comб eurosport.ru