Бүйткен белбеуі құрысын, Головкинге сыйладым – Котто
«Геннадий Головкин ойына келгенін жасасын. Оның өз карьерасы бар, менің де өз жолым бар. Сол себепті, менің болашағымның Головкинге титтей қатысы жоқ деп ойлаймын. Мен өзіме ұнағанды ғана жасаймын. Егер де Головкинмен жекпе-жек өткізу маған тиімді болса, онымен міндетті түрде кездесемін. Ал егер Головкиннің командасы менің ойыммен санасқысы келмесе, белбеуді жекпе-жек өткізбей-ақ ала берсін, бүйткен чемпиондық белбеуі маған қажет емес, Головкинге сыйлағаным болсын», - дейді Мигель Котто.
Естеріңізде болса, бұдан бұрын Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Коттоға Головкинмен кездесетін күнге дейін чемпиондық белбеуін ерікті түрде қорғауына мүмкіндік беретін бұйрық шығарған болатын. Алайда, пуэрториколық боксшы «менің белбеуімді тартып алуға ешкімнің құқы жоқ, мен ешкімнің айдауымен жүрмеймін, өзімнің қалағанымды жасаймын» деп қарсылық көрсеткен еді.
Айта кету керек, Котто бірнеше күн бұрын Боб Арум басқаратын Top Rank компаниясынан кетіп, Roc Nation промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасты. Боб Арум «Котто – еркек емес, берген уәдесінде тұра алмады» деп, пуэрториколық боксшының алдын-ала ескертпестен басқа компанияға ауысқанына наразы екенін жеткізді.
Ал отандасымыз Коттомен шаршы алаңда жолыққысы келетінін бұған дейін бірнеше рет жариялады. Головкиннің бапкері Абель Санчес бұл кездесуді биылғы жылдың маусымында өткізу үшін Коттоның кез келген шартына дайын екенін айтқан еді.
сурет: bnews.kz