Бүгін премьер-лиганың ІІ тур ойындары өтеді
«Ордабасы» (Шымкент) - «Астана» (Астана)
Алғашқы турда шымкенттік команда түзде «Қайсардан» жеңіліс тапты. Ал «Астана» өз алаңында «Жетісумен» тең ойнады. Трансфер кезеңінде Ренан Брессан, Рохер Каньяс, Дмитрий Шомко және Серікжан Мұжықов сынды футболшыларды қосып алған «Астана» бұл кездесудің фавориті саналуда. Ал құрамында тәжірибелі футболшылары бар алаң иелері де осал қарсылас емес. Астана уақытымен 15:00-де «KazSport» арнасы тікелей эфирде ұсынатын кездесу тартысты болмақ.
«Спартак» (Семей) - «Ертіс» (Павлодар)
Бірінші турда Алмас Күлшінбаев командасы сәтті өнер көрсетті. Аздап тәжірибенің жетіспейтіндігі ғана байқалды. Ал «Ертіс» өз алаңында «Шахтерды» жеңді. Дегенмен «Спартак» бүгін үш ұпайды павлодарлық ұжымға ұстатып жібереді деп айту қиын.
«Шахтер» (Қарағанды) - «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Бұл маусымның Суперкубокта шымылдығын түрген клубтар қайта кездескелі отыр. Ойын «кеншілер» ұжымының стадионы жаңа маусымға дайын болмағандықтан Теміртауда өтеді. Соңғы 6 ойында Владимир Никитенко командасынан жеңіліп келе жатқан «Шахтер» бүгін бұл серияны тоқтатады деп айту қиындау. «Ақтөбе» жаңа ойыншыларын клуб ойыны жүйесіне сіңдіріп үлгерген. Сондықтан да Виктор Кумыков командасына маусым басы ауыр соғайын деп тұр.
«Қайсар» (Қызылорда) - «Тараз» (Тараз)
Премьер-лигаға жаңа қосылған қызылордалық команда бүгін тағы бір желпініп өнер көрсететіні анық. Бірінші турда шымкенттік «Ордабасыны» тізе бүктірген Дмитрий Огай клубы психологиялық тұрғыдан кездесуге дайын деп айтуға болады. Букмекерлік орталықтар да «Қайсарды» фаворит санауда. Жанкүйерлер қолдауымен желпінетін команда бүгін екінші жеңісін тойлауы бек мүмкін. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
«Атырау» (Атырау) - «Тобыл» (Қостанай)
Екі клуб та маусымды жеңіспен бастады. «Атырау» түзде «Қайратты» жеңсе, «Тобыл» өз алаңында «Спартактан» басым түсті. Дегенмен бұл маусымда құрамын толықтай жаңартқан батысқазақстандық клубтың жүйелі ойыны Алматыда жанкүйерлерді таңдандырған болатын. Егер өз алаңында да дәл сондай жүйедегі ойын өрнегін қостанайлық ұжымға қарсы қолданатын болса, үш ұпайды ұстатып жібермесі анық.
«Жетісу» (Талдықорған) - «Қайрат» (Алматы)
Бұл кездесу Алматының орталық стадионында өтеді. Себебі, талдықорғандық клубтың жасыл алаңы маусымға 5 сәуір күні ғана дайын болатын болды. Өткен маусымдағы екі кездесуде де тең нәтиже тіркелген еді. «Жетісудің» алғашқы ойынын ескеретін болсақ, бүгін де тең нәтиже тіркеліп қалуы ғажап емес. Өйткені, Омари Тетрадзе премьер-лигадағы білікті бапкерлердің бірі. «Қайраттың» ойындарын жете зерттеген десе де болады. Ал алматылық клубқа жеңіс қажет. Бірінші турда жанкүйерлер үмітін ақтамаған Владимир Вайсс командасы бүгін барын салары анық. Бәлкім үш ұпайды еншілеп те қалар. Не де болса, тартысты ойын болмақшы. Кездесу Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.
Бұл massaget.kz сайты түзген болжам ғана. Ал сіздің болжам қандай?
Ойындар нәтижесімен таныстырып отыратын боламыз.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sports.kz