Бүгін ел премьер-лигасы басталады
«Тобыл» (Қостанай) – «Спартак» (Семей)
Премьер-лигаға келіп қосылған Семейдің «Спартагы» алғашқы кездесуін сырт алаңда өткізеді. Алмас Күлшінбаев шәкірттеріне оңай соқпасы анық. Кездесудің фавориті - жергілікті команда. Команда басшылығы бас бапкер Сергей Масленовқа үлкен сенім артуда. Маусымды алаң иелерінің сәтті бастауына үлкен мүмкіндік туып отырғандай. Букмекерлік орталықтар «Тобыл» жеңісіне 1,3 коэфициент, тең ойынға 4,7 коэфициент, «Спартак» жеңісіне 8,55 коэфициент ұсынуда. Кездесу Астана уақытымен сағат 14:00-де басталады.
Төрешілер: Асхат Абданбаев (Тараз), Рустам Сүйінов (Павлодар), Александр Полуэктов (Тараз)
Инспектор:Вячеслав Клепченко (Ақтөбе)
«Ертіс» (Павлодар) – «Шахтер» (Қарағанды)
Павлодарлық команданы жақында ғана эстондық бапкер Тармо Рюйтли баптауға келді. Әзірге бұл маманның қандай ойын жүйесін қолданатыны белгісіз. Статистикаға жүгінетін болсақ, өткен маусымда кездескен екі ұжым да өз алаңдарында бір-біріне есе жібермеген екен. Десе де бұл маусымда «Ертісті» азулылардың қатарына жатқызу қиындау секілді. Маусымды бірден сәтті бастап кетуі екіталай. Ал осыған дейін Суперкубокта сәтті өнер көрсеткен «кеншілер» ойынының куәсі болдық. Сондықтан да «Шахтер» кездесуде аз да болса басымдыққа ие. Ойынға шабуылшы Роман Мұртазаев пен Алдин Джидич қатыспайды. Букмекерлік орталықтар «Ертіс» жеңісіне 3,67 коэфициент, тең ойынға 3,5 коэфициент, «Шахтер» жеңісіне 1,85 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.
Төрешілер: Марат Ысқақов, Елеш Құсаинов, Әлібек Әубәкіров (бәрі де - Астана)
Инспектор: Жұмағали Мумбаев (Шымкент)
«Қайсар» (Қызылорда) – «Ордабасы» (Шымкент)
Жақында ғана шымкенттік команданың бас бапкері Виктор Пасулько қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады. Енді команданы Қызылордаға клубтың бұрынғы футболшысы әрі капитаны Қуаныш Қарақұлов бастап барады. Өткен маусымды «Ордабасы» сәтсіз бастаған-ды. Маусымды алғашқы кездесулерде жеңіліспен бастайтын ұжымдардың қатарынан. Сондықтан да бүгін Қызылордадан 3 ұпайды еншілеп қайтады деп айту қиындау. Есесіне премьер-лигаға оралып отырған «Қайсардың» әлеуеті жоғарылау. Бас бапкерлікке Дмитрий Огайды шақырған ұжым алдарына алғашқы алтылыққа ену мен ел Кубогын жеңіп алуды мақсат тұтуда. Өз алаңында алғашқы ойын болғандықтан алаң қожайындары барын салары анық. Десе де шымкенттік ұжым премьер-лигада ысылып, тіс қаққан футболшыларға сенім артары анық. Букмекерлік орталықтар «Қайсар» жеңісіне 2,78 коэфициент, тең ойынға 3,1 коэфициент, «Ордабасы» жеңісіне 2,4 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
Төрешілер: Александр Алиев, Алексей Шабанов, Серік Қошқаров (бәрі де - Алматы)
Инспектор: Павел Салий (Өскемен)
«Тараз» (Тараз) – «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Арно Пайперс шәкірттері өз алаңындағы алғашқы кездесуде 2011 жылы «Ертіске» жеңіліпті. Бұл жолы да алаң иелеріне оңай соқпайтыны анық. Владимир Никитенко командасы ойынын Суперкубок сынында тамашаладық. Данило Неко, Маркос Пизелли сынды футболшылар толықтырған ұжым бұл маусымда Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өтуді жоспарлауда. Букмекерлік орталықтар «Тараз» жеңісіне 4,35 коэфициент, тең ойынға 3,8 коэфициент, «Ақтөбе» жеңісіне 1,65 коэфициент ұсынуда. Ойын Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
Төрешілер: Игорь Хисамутдинов, Семен Журавлев, Айдын Тасыбаев (бәрі де - Павлодар)
Инспектор: Сергей Цареградский (Семей)
«Астана» (Астана) – «Жетісу» (Талдықорған)
2011 жылы екі ұжым бір-бірімен кездесіп, маусымды ашқан болатын. Ол кезде «Жетісудің» жолы болып, екі доп басымдығымен жеңіске жеткен-ді. Ал сол кездесудегі екі голдың авторы (Серікжан Мұжықов, Сергей Остапенко) да қазіргі таңда елордалық клубта өнер көрсетеді. Яғни, қазіргі «Астананың» құрамы тәжірибелі футболшылармен толыққан. Жақында ғана премьер-лигадағы қымбат ойыншылардың бірі болып Ренан Брессан қатарларына қосылды. Қазіргі таңда алаң иелерінің бас бапкері қызметін Георгий Бабаян атқаруда. Ал «Жетісудің» бапкері Омар Тетрадзе премьер-лигада тәжірибе жинап қалған мамандардың қатарында. Сондықтан да өз командасын алаң иелеріне оңай жеңдіре қоймас. Дегенмен кездесудің фавориті – «Астана». Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Төрешілер: Болат Қарлыбаев (Орал), Санжар Ысқақов (Қостанай), Самат Шаріпов (Атырау)
Инспектор: Геннадий Жуковский (Ақтөбе)
«Қайрат» (Алматы) – «Атырау» (Атырау)
Өткен маусымда екі ұжым екі кездесу өткізіп, екі ойын да тең аяқталған. Ал трансфер кезеңінде екі клуб та жаңа футболшылармен толықты. Қазіргі таңда екі ұжым да алғашқы алтылықтан басты үміткерлер қатарынан десек болады. Сондықтан да бүгін Аматының орталық стадионын тартысты ойын күтіп тұр. «Қайрат» өз алаңында барын салғанымен, «Атырау» да оңай шағылар жаңғақ емес. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Кездесуді "KazSport" арнасынан тамашалай аласыздар.
Төрешілер: Денис Измайлов (Талдықорған), Серік Жаппасбаев, Ғалымжан Айжігітов (бәрі де - Қызылорда)
Инспектор: Сергей Кенетаев (Астана)
Премьер-Лиганың барлық кездесулерін Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, vesti.kz, vk.com