Бүгін «Астана» мен «Ақтөбе» жарыс жолына шығады
«Астана» (Қазақстан) - «Вильярреал» (Испания)
Бүгін «Астана-Аренаға» жанкүйерлер ағылары анық. Қазірдің өзінде билеттердің көп бөлігі сатылып кеткені белгілі болып отыр. Әйгілі испаниялық клубқа қарсы «Астана» қандай айла-шарғы қолданар екен?
Станимир Стойлов шәкірттері жанкүйерлер қолдауымен желпінері анық. Бастысы – жерлестерімізге психологиялық тұрғыдан дайын болу. «Сүңгуірлерге» қарсы сескенбей өнер көрсету керек. Бірінші нөмірмен өнер көрсетуден бұрын, қауіпті қарымта шабуылға иек артатыны белгілі. Өйткені, шабуыл шебіндегі Танат, Бауыржан мен Кетевоамаларға мүмкіндік беру керек. Бұл ойыншылармен қоса Ги де Эссаме, Георгий Жуков, Елдос Ахметов пен Дмитрий Шомкоға да сенім артылады. Елордалық клуб бірінші ойында нәтижені өз пайдаларына шешуге ұмтылуы тиіс. Түзде оңай соқпасы белгілі. Бірақ, «Вильярреал» - сөзсіз фаворит. Егер бүгін «Астана» өткен маусымдағы «Шахтер» ерлігін қайталар болса, еліміздің абыройын тағы бір асқақтатары анық. Жерлестерімізге сәттілік пен жеңіс тілейміз!
Букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің бірінші ойында жеңіске жететініне сенімділік танытып отырған жоқ. «Астананың» жеңісіне – 7 коэффициент, тең ойынға – 4,33 коэффициент, «Вильярреал» жеңісіне – 1,44 коэффицент беріп отыр. Ойынға Нидерланды елінен келген төрешілер жұбы қазылық жасайтын болады. Бас қазы Бас Нейхеске жасыл алаң жиегінде Чарльз Схаап пен Роб ван де Вен көмектеседі.
Астана уақытымен сағат 21:00-да басталатын кездесуді «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
«Ақтөбе» (Қазақстан) - «Легия» (Польша)
«Легия» - Польшаның ертеден келе жатқан клубтарының бірі. Нақтырақ айтсақ, 1916 жылы негізі қаланған. Экстракласа чемпиондығы атағын 11 рет иеленген. Ел кубогын 16 рет жеңіп алған. Соңғы екі жылда клубтың ойын жүйесі жақсарып, чемпиондықты иеленіп келеді. Өткен маусымда «Легия» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен. «J» тобында бақ сынап «Аполлонға» қарсы бір кездесуде ғана жеңіске жетіпті. Ал қалған «Трабзонспор» мен «Лациоға» қарсы ойындарда, кипрлік клубқа қарсы екінші кездесуде тек ұпай таратумен шектелген.
Бұл маусымда Чемпиондар лигасына өтіп тұрған жерінен қара басып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түсіп қалды. Енді осы қателіктерінің орнын толтыру үшін клуб топтық кезеңнен бөлек, чемпион атануды да көздеп отыр екен.
Бүгін Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда Владимир Газзаев шәкірттері де қарап қалмайды деп сенеміз. Топтық кезеңге шығу үшін жүйкелері сыр беріп жүрген польшалық клубты бірінші ойында-ақ тұқыртып алуға жағдай жасау керек.
Букмекерлік орталықтар командалардың жеңіске жету әлеуетін тең деп қарауда. «Ақтөбенің» жеңісіне – 3,35 коэффициент, тең ойынға – 3,40 коэффициент, «Легия» жеңісіне – 2,05 коэффицент беріп отыр. Ойынға ресейлік төрешілер жұбы қазылық жасайтын болады. Сергей Карасевке жасыл алаң жиегінде Дмитрий Мосякин мен Валерий Данченко көмектеседі.
Астана уақытымен сағат 21:00-да басталатын кездесуді «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sports.kz