Бір атаның балалары Таразда доп тебеді
Өткен жылғы «Бір атаның балалары футбол ойнайды» додасы Алматы қаласындағы ҚазҰУ спорт кешенінде өткен болатын. Екі күнге созылған ойында «Көкеевтер» әулеті жеңімпаз атанған еді. Биылғы жарыс киелі Тараз өлкесінде өтпек. Бұл туралы жарыстың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жамбыл КӨКЕЕВ, «Қайрат» командасының ойыншысы, осы турнирдің бірнеше дүркін чемпионы:
– Мен бұл отбасылық жарысқа 11 жасымнан бастап қатысып келемін. Ең алғаш атамыздың атын ту етіп, намысқа тырысқанымыз есімде. Сол жолы біздің команда чемпион болды. Содан бері бұл турнирде үзбей ойнап жүрмін. Отбасылық жарыстың маған бергені көп. Шеберлігім де өсті, отбасыммен тату болуға үйретті, әрине, намыс жыртудың нағыз сәті осы жарыстан туды. Маған қуаныш берген нәрсе, осы жарысқа қатысқан қазақ отбасыларының көптігі. Яғни бұл – болашақ құрама команда өкілдері өсіп келе жатыр деген сөз!
Жарыс шарты бұрынғыдай: Командада – 1 қақпашы, 4 ойыншы, барлығы 5 ойыншы алаңға шығады. Жалпы ойыншылар санында шек жоқ. Бірақ бәрі бір атаның ұл-қызы болуы шарт. Егер ойыншылардың фамилиялары бөлек болса, сол ата ұрпағы екендігін дәлелдейтін құжат талап етіледі. Ойыншылар алмастыру кез келген уақытта және санында шек жоқ. Бірақ төрешінің рұқсатымен ғана алмастырылады. Команда осы газеттің электронды поштасына өтініш беруге міндетті. Ал дәрігер рұқсаты, мөрі қойылған анықтаманы жарыс алдында мандат комиссиясына өткізеді. Ал құжатсыз команда жарысқа жіберілмейді. Әр команда 2016 жылға бір дана «Sport» газетін жазғызып алуға міндетті. Команданың спорттық жейделері болуға тиіс.
Телефондар: 8(7172) 57 79 20, ұялы телефон: 8701 7361407 E.mail: sport.59@mail.ru