"Боруссия" "Баварияны" ойсырата ұтты
Бас қазының ысқырығымен "Бавария" қарсы қақпаға лап қояр деп көпшілік үміттенген болатын. Алғашқы он минуттықта мюнхендіктер допқа көп иелік етіп, басымдылықты өз қолдарына алғандай еді. Бірақ, жиырмасыншы минуттарда "Боруссия" өз шабуылын ұйымдастырып, Генрих Мхитариян гол соғып кетті. "Реалмен" өткен ойында үш мүмкіндікті пайдалана алмаған армиян ойыншысы, бұл жолы салқынқанды қимылдады. Бірінші тайм бір голмен аяқталып, ойыншылар үзіліске аттанды.
Он бес минуттық үзілістен кейін Хосеп Гвардиоланың командасы есін жинап, ойын тағдырын түбегейлі өз пайдасына шешеді деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмай шықты. Екінші тайм басталмай жатып шабуыл шебінде жүрген Марко Ройс өзіне берілген тамаша мүмкіндікті пайдаланып кете алды. Нойердің орнына қақпа күзетіне тұрған Ридер дортмундық ойыншының қарым-қабілетін бір кем бағалап, нәтижесінде өз қақпасынан доп алып шығуға мәжбүр болды. Мұнымен іс бітпей, көп ұзамай жасанды офсайдтан қашып құтылған 7-інші нөмірлі Джонас Хофманн ойындағы есепті өз командасының пайдасына 0:3-ке жеткізді.
Ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгере қоймады. Гвардиоланың командасы тіптен қан-сөлсіз, өңі кете қимылдады. Бір тұста ол шаршаңқырап қалған Риберидің орнына Томас Мюллерді шығарып, сол арқылы баварлық команданың шабуылын тірілтуге тырысқандай болып көрінген. Көп ұзамай бұл да өз жемісін бермеді.
"Бавария" соңғы ойындарда жеңе алмай келеді. Мұның сырын біз білмеспіз, бірақ Пеп білетіні сөзсіз. Испандық маман бүгінгі емтиханнан сүрінген болар, алда одан да маңыздысы келе жатыр. Пеп сол уақытқа дейін ұйқылы-ояу жатқан "неміс машинасын" оятып үлгергені дұрыс.
«Бавария»: Нойер, Рафинья, Мартинес, Данте, Алаба, Лам, Швайнштайгер, Рибери, Робен, Гетце, Манджукич.
«Боруссия»: Вайденфеллер, Гроскройц, Папастатопулос, Хуммелс, Дурм, Шахин, Кель, Хоффман, Ройс, Мхитарян, Обамеянг.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru