Бүгін Үндістан елінің астанасы Нью-Делиде бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Бұрымды арулардың биылғы басты бәсекесіне Қазақстан құрамасы да аттанған болатын. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк үздіктерді іріктеп, әлем чемпионатына ала барды. Кей боксшы қыздарды демалысқа да жіберді. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шəкімова жарақатына байланысты бұл жарыстан шет қалды. Азия ойындарынан кейін ұлттық құрама бапкерлері əлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбайға демалыс беруді жөн көрген екен. Сол секілді Джакартадағы жарысқа қатысқан Сəния Сұлтанқызы мен Римма Волосенко да Нью-Делидегі додаға барған жоқ. Әлем чемпионатында 9 боксшы қыз ел атынан шаршы алаңға шығады. Олар: Əйгерім Қасенаева (48 кг), Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Назым Ищанова (57 кг), Карина Ибрагимова (60 кг), Милана Сафронова (64 кг), Аида Оңдаш (75 кг), Фариза Шолтай (81 кг) жəне Лəззат Күнгейбаева (+81 кг). Нью-Делидегі әлем чемпионатына барлығы 62 елден 270 боксшы қыз келген. Бүгіннен бастап шаршы алаңдағы жекпе-жектер басталады. Қазақстан құрамасы сапында бүгін күндізгі жарыс уақытында Жайна Шекербекова ресейлік Светлана Солуяновамен, кешкі жарыс уақытында Назым Ищанова бангладештік Онита Исламмен жұдырықтасады. Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. Үндістанда екінші рет (бірінші рет 2006 жылы) өткелі жатыр. Соңғы рет 2016 жылы Астанада өткен. Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) алтыннан алқа тағынып, Жайна Шекербекова (51 келі) мен Айжан Ходжабекова (57 келі) қола медальға қол жеткізген еді. Бокс бәсекесі 24 қарашаға дейін жалғасады.