Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бокс спортын 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін. Бұл туралы ХОК басшысы Томас Бах Пхенчханда өткен мәслихат барысында айта кетті. Ұйым басшысының айтуы бойынша Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) жұмысында шикіліктер көп екен. Әсіресе Олимпиада ойындары кезіндегі төрешілер шешімін сынға алды. Риодағы Евгений Тищенко(Ресей) мен Василий Левит (Қазақстан), Владимир Никитин(Ресей) мен Майкл Конлан (Ирландия) арасындағы жекпе-жектердің нәтижелеріне күмәнмен қарайды. - Кезінде біз аталған кездесулерге қатысты AIBA-дан қорытынды есебін алғанбыз. Соған қарамастан біз қосымша ақпараттарды да сұрастырып, бұл кездесулерді қайта қараумен әлі де айналысудамыз,- деді ХОК басшысы. Қазіргі таңда ХОК AIBA-ны қаржыландыруды тоқтатқан. Себебі атқарушы комитеттің ұйым жұмысына көңілі толып отырған жоқ. - ХОК атқарушы комитетін Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) есеп-қисабы, басқару жүйесі, қаржы жұмсау, төрешілік пен допинг ережесі қанағаттандырмайды. Сондықтан да бокс спортын Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада мен Токио Олимпиадасына бағдарламасына енгізу жайына келгенде ойланатын болады, - деді Томас Бах. Айта кетейік, 2017 жылдың соңында AIBA-ны 11 жыл басқарған Чинг-Куо Вуға бірнеше айып тағылып (жемқорлық, артық шығын) қызметінен алынған-ды. Қазір ұйымды өзбек азаматы Ғафур Рахимов басқаруда.