Бокс спорты 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбей қалуы мүмкін. Бұл жайында Inside the Games басылымына сілтеме жасап Media.az хабарлады. Қазіргі таңда Халықаралық әуесқой бокс федерациясын (AIBA) өзбек Гафур Рахимов уақытша басқаруда. Ұйымның жаңа президентін сайлау шарасы 2-3 қарашада Мәскеудегі кезекті конгресте өтеді. Егер осы сайлауға қазіргі басшы Гафур Рахимов үміткер ретінде қатысатын болса, бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуы қиындамақ. Себебі Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) әдеп комиссиясының төрағасы Пакеретт Жирар Заппелли өзбек азаматының сайлауға қатысуына тыйым салып отыр. Гафур Рахимовты АҚШ қаржы министрі өзінің еліндегі қылмыс әлемінің ең беделді әрі белді мүшесі деп атаған соң, ХОК бокс қауымдастығының басшылығына қатысты тергеудіәлдеқашан бастаған. Атқарушы комитеттің жұмысына көңілі толмағандықтан, AIBA-ны қаржыландыруды да тоқтатқан. Бұл жағдай мен алдағы сайлауға қатысты Гафур Рахимов AIBA ресми сайтында ашық хатын жариялады. - Біздің ережемізге сәйкес, сайлауға үміткерлер тізімі конгресске бір ай қалғанға дейін ресми түрде жарияланады. AIBA-мен серіктес ұйымдар және әріптестеріме біздің ережелерімізді құрметтеуге және басшылық лауазымдарына үміткерлерді ұсыну күніне дейін түсініктеме бермеуді өтінемін. Өзгелердің өз мақсаты үшін пайдаланып қалуына жол бермеуге тырысамыз. Жақын арада AIBA атқарушы комитет қызметкерлерінің сайлауын өткізеді. Қазіргі таңда ұйым ауқымды жұмыстар атқарып үлгерді. Алда да аянып қалмайды. Бұл біздің спорттың болашағы үшін маңызды. Өз тарихымызда алғаш рет ашықтық пен тиімді басқару қағидаттарын назарға ала отырып, оны бақылайтын да боламыз, - деген Рахимов. Айта кетейік, 2017 жылдың шілде айында 11 жыл AIBA ұйымын басқарған тайвандық Чинг Куо Ву қызметінен кеткен болатын. Оған себеп - ұйымның қаржылық құлдырауы. Кейіннен бұл қызмет тізгінін уақытша Гафур Рахимов ұстады. Биылғы AIBA президенті сайлауына Қазақстан бокс федерациясы 1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевты ұсынғаны жайлы осыған дейін жазған болатынбыз.