Биылғы “Алматы туры“ велододасы автокөлік жүргізушілеріне кедергі келтірмейді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vesti.kz

- Дархан Аманұлы қыркүйек айының соңында «Алматы туры» велододасы өтеді. Биыл бірінші рет екі күнге созылмақ. Өзге тағы қандай өзгерістер бар? Велоспортсүйер қауым мен жанкүйерлерді қандай тосынсыйлар күтуі мүмкін?

- Биыл велодода айтарлықтай жаңалықтарға толы болады. Төрт жыл бойы "Алматы турын" ұйымдастыра келе, әр жыл сайын алға қадам басып, жобаның ауқымын кеңейтіп келеміз. Жарысты UCI дәрежесіне көтердік. Қатысушы командалардың да дәрежесі артты. "Алматы туры" жарысы халықаралық додалармен қатар тұратын дәрежеге жеткіздік. Биыл жарыста – мерейтой. Бесінші рет ұйымдастырып отырмыз. Ұйымдастырып қана қоймай UCI дәрежесінің тағы бір сатысына көтеріліп, көпкүндік жарыстар санатына қосылды.

"Алматы туры – 2017" велододасы екі кезеңнен (30 қыркүйек және 1 қазан) тұрады. Жаңа жүйе бізге таңсық екені рас. Осы арқылы тәжірибе жинап, көпкүндік жарысты ұйымдастыруға төеселе түсетін боламыз. Осыған дейін біз командалардың таныстырылымы мен жарысты бір күнде өткізетін едік. Бұл спортшылардың өзіне де, физикалық дайындығына да аз да болса кедергі болатыны рас. Биылдан бастап командалардың таныстырылымын, өзге де жарыс алды іс-шараларды бөлек өткізетін боламыз. Осыған орай биылғы командалардың таныстырылымы мен ашық жаттығу 29 қыркүйек күні өтеді. Негізі "Алматы турын" 28 қыркүйектен-ақ бастап кетеміз. Бұл күні велоспортсүйер қауым мен жанкүйерлерге арнап арнайы іс-шара ұйымдастырамыз. Түрлі жарыстар мен Астана велоклубының спортшыларынан қолтаңба алуға мүмкіндік жасаймыз. Алматыда велоспортқа қызығатын жандар көп деп ойлаймын. Одан өзге "Алматы туры – 2017" велододасында спортшыларға арналған жаңа арнайы жейде де таныстырылатын болады. Бірі – "тау" жейдесі, екіншісі – үздік қазақстандық велоспортшы киетін жүлде. Жарысты қолап отырған Алматы қаласы басшылығын алғысымды білдіремін. "«Алматы туры – 2017" велододасы UCI күнтізбесінде өзіндік орны бар жарыс болып қалыптасып үлгерді деп ойлаймын.

- Автокөлік жүргізушілері көкейінде жүрген сұрақ бар. Жарыс кезінде Алматыдағы қай көшелерде көлік қозғалысы шектеледі?

-  Қала аумағында осындай ауқымды жарысты ұйымдастыру оңай емес. Біріншіден, жол қозғалысы шектелуіне байланысты. Дегенмен автокөлік жүргізушілерінің талап-тілегімен де санасу керек. Өткен жылдары мәре сызықтары жолда болғандықтан, Әл-Фараби көшесінде көлік қозғалысын бөгеп келдік. Ал бұл көше Алматыдағы көлік қозғалысының күретамыры іспетті. Сондықтан биыл сөре мен мәре әр жерде орналасады. Жол қозғалысын жылдам бөгеп, велоспортшылар өткен соң қайта жылдам ашып отыратын боламыз. Бірінші кезең "Астана" алаңынан басталып, "Алматы Аренада" мәресіне жетеді. Велоспортшылар өте салысымен жолдар қайта ашылады. Бұл бәрімізге ыңғайлы деп ойлаймын. Қиындау тұсы – бірінші кезеңдегі Төле би, Фурманов, Сәтпаев, Байзақов, Абай және Желтоқсан көшелері арқылы жүріп өтетін 9 шақырымдық үш айналым. Яғни, велошабандоздар 27 шақырымды 30-40 минутта жүріп өтеді. Артынша жол ашылады. Тағы айта кететіні, сөре мен мәре жол бойына орналаспайды. Қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмау үшін бар жағдай жасалынуда.

- Бір жағынан қарағанда, осыған дейін ұйымдастырылып келгендей сөре мен мәренің бір жерде болуы жанкүйерлер үшін тиімді еді. Енді Медеудегі мәреге жанкүйерлер қалай жетеді? Өз көліктерімен жету оңай болмасы анық.

- Жарыстың екінші кезеңі таулы аймақта өтеді. Ал мәре сызығы Алматының символына айналған Медеуде орналасқан. Жанкүйерлердің онда жетуі оңай емес екенін білеміз. Сондықтан қаладан екі жерден арнайы қоғамдық көлік қатынайтын болады.

- "Алматы турын" ұйымдастыруға халықаралық жарыстарда тәжірибесі бар шетелдік эксперттер де қатысуда екен. Олар қазақстандық жоба қалай бағалауда?

- Иә, айта кету керек. "Алматы туры – 2017" велододасына жаңа техникалық делегат Пьер Хатсебаут келді. Канадалық маман UCI жарыстарында көп жылдан бері қызметі жасап келеді. Ол бізге өзінің тәжірибесі, бағыт-бағдарымен бөлісуде. Оның айтуынша, Орталық Азияда "Алматы туры" велододасына тең келер жоба жоқ.

- "Алматы туры – 2017" велододасы қай арналардан көрсетіледі?

- "Евроспорт"  арнасы дәстүрлі түрде жарысты тікелей эфирде көрсетеді. Биыл екі күнге созылатын болғандықтан көрсетілім уақыты да көбейген. Жарты сағат  тікелей эфир мен бірінші кезеңнің ең үздік сәттері көрсетіледі. Сондай-ақ командалардың таныстырылымы да эфир тізгінінде. Соңғы кезеңі де тікелей эфирден көрсетіледі.

Айта кетейік, "Алматы туры" велододасы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл бес жыл болуына орай, екі күнге созылады. Бірінші кезеңі 30 қыркүйек күні "Астана" алаңынан басталып, "Алматы Аренада" аяқталады. Екінші кезең, яғни қорытынды кезеңде велодода "Халық Арена" кешенінен басталып, Медеуде мәресіне жетеді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама