Бейбіт Шүменовтың жаңа салмақтағы қарсыласы анықталды
Бұл жұдырықтасу 13-желтоқсанға жоспарланған. Лас-Вегаста өтетін кештің андеркартында Амир Хан мен Девон Александер жекпе-жегі де өтеді.
Жаңа салмақта өнер көрсететін Бейбіт бұл кездесуді асыға күтіп отырғанын да жеткізді. Боксшының бірінші ауыр салмаққа ауысуының себебі де жоқ емес. Өйткені, соңғы рет Бернард Хопкинспен өткізген кездесуінде көбірек салмақ қуып, ақыр соңында бабына әсер еткенін айтқан еді. Сәуір айындағы сол жеңілістен кейін отандасымыз өзіне аздап демалыс жариялап, спорттық мансабын қайта жалғастыратынын мәлімдеген-ді.
Келер жылы ердің жасы елуге келетін Бернардтан жеңілгеннен Бейбіттің тауы шағылды деп айта алмаймыз. Боксшымыз жаңа деммен кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыруға белді бекем буып отыр.
Бобби Томас (кішісі) кәсіпқой бокста Бейбіттен бір кездесу артық өткізген. 14 жекпе-жегінің 9-ын мерзімінен бұрын аяқтаса, 2 жұдырықтасуында жеңіліс тапқан. Бір кездесуін тең аяқтаған екен. Ал 7 жылдың ішінде 16 кездесу өткізген жерлесіміз 14-інде жеңіске жетіп, 2-еуін ғана жеңіліспен аяқтаған. 9-ында қарсыласын нокаутқа жіберген.
Осыған дейінгі сұқбаттарында мәлімдегендей, Бейбіт Шүменов алда ірі жетістіктерді бағындыруды көздеп отыр. Кәсіпқой бокста қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионына жаңа салмақ дәрежесінде жарқын жеңістерге жетуіне тілектеспіз.
Сурет: sportinfo.kz