Күні кеше қазақстандық сайттарда Бейбіт Шүменов Қанат Исламның промоутері болғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Бүгін таңда бұл ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарланды. Қанат Ислам келесі жекпе-жегіне дайындығы мен келіссөздер үшін АҚШ-қа аттанды. Боксшының пиар-менеджері Берік Сұлтан жазғандай, жақын уақытта жақсы жаңалық күтетін боламыз. Ал Qazaq-қа Бейбіт Шүменовтің промоутер болғанын жоққа шығарды. - Бейбіт Шүменов Қанат Исламның промоутері болды деген ақпарат жалған. Боксрек сайтына солай жазылып кетіпті. Хабарластық. 1-2 күнде өшіреді, - деп жазды Берік. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын боксшы Бейбіт Шүменов те өз әлеуметтік желілерінде жариялады. -Менің Қанат Исламмен промоутер ретінде жұмыс істейтіндігім жайлы БАҚ бетінде пайда болған ақпарат шындыққа сай келмейді. Ия, менің Лас-Вегас қаласында тіркелген KZ Event Productions, Inc. деп аталатын жеке проумоутерлік компаниям бар. Әрине, болашақта біздің жігіттерге әлемдік аренада жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің атағын шығаруларына көмектесуді жоспарлап отырмын, - деп жазады боксшы. Қазақ кәсіпқой боксшылары Бейбіт пен Қанат келесі кездесулеріне бірге дайындалған да еді. Келесі кездесу демекші, Бейбіт Шүменов кәсіпқой боксқа қайта оралды. Бұл жайында ол Астанада арнайы конференция өткізіп, алдағы жоспарларын айтқан еді. Айта кетейік, Қанат Исламның промоутері америкалық Нельсон Мендес. Qazaq-тың жекпе-жектерін осы маман ұйымдастырып келеді. Қазіргі таңда Қанат Ислам бірінші орта салмақта Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының (WBA) рейтингінде көш бастап тұр. Өткен жылдың қараша айында бұл ұйым қазақстандыққа чемпиондық титулға міндетті үміткермен жекпе-жек тағайындаған болатын. Оның қарсыласы америкалықДжон Вера(18-0, 11 КО) болуы керек еді. Тараптар келіссөз жүргізген, бірақ америкалық боксшысының командасы Қанат Ислам жекпе-жектен бас тартты деген хабар таратты. Нәтижесінде 24 ақпанда Вера француз Мишель Соромен (31-2-1, 30 КО) кездесетін болды. Қанат Ислам соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін сақтап қалған-ды.