Бейбіт Шүменов WBA уақытша чемпиондық атағын жеңіп алды
Бейбіт Шүменов 2014 жылдың сәуір айында Бернард Хопкинстен жеңілгеннен кейін бірінші ауыр салмаққа ауысқан еді. Дайындығын шыңдаған боксшы желтоқсан айында америкалық Бобби Томаспен (кішісі) кездесу өткізіп, жеңіске жеткен-ді. Қазіргі таңда отандасымыз өз салмағында бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) рейтингінде бірінші орында тұр. Ал Би Джей Флорес те осал қарсылас емес еді. Кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізген. 1 жекпе-жегінде ғана қарсыласына есе жіберген. 1 кездесуін тең аяқтаған.
Бейбіт Шүменов пен Би Джей Флорес арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Жеңімпаз төрешілер шешімімен анықталды. Барлық төрешілер 116:112 есебімен қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды. WBA уақытша чемпиондық атағына қол жеткізген отандасымыз келесі кездесуін қазіргі WBA чемпиондық белбеуінің иегері ресейлік Денис Лебедевпен өткізетін болады.
Айта кетейік, Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокстағы 18-ші кездесуін өткізіп, 16-шы жеңісіне қол жеткізді.