Бесінші ойын қатарынан гол соқпаған Қазақстан құрамасы Аустриядан ұтылды
Ойындағы екі гол да бірінші таймда соғылды. 15-минутта Кристоф Баумгартнер командасын алға шығарды. Ал 23-минутта Александр Марочкин қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Артынша қақпаға жақын маңдағы айып соққысынан Михаэль Грегорич мергендік танытты. Оның тепкен добын Стас Покатилов қайтарып үлгермеді.
Бірінші таймдағы есеп ойын соңына дейін өзгермеді. Аустрия құрамасы Алматыдан 3 ұпай еншілеп қайтты. Нәтижесінде В дивизионындағы 3-топта 10 ұпаймен көш бастады.
Қазақстан құрамасы 5 турдан кейін 1 ұпай ғана еншілеп, Ұлттар лигасында В дивизионында қалу мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ Станислав Черчесов жаттықтыратын құрама 5 ойында бірде-бір гол соққан жоқ. Доп айырмасы: 0-10.
Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынды 17 қараша күні Ослода Норвегияға қарсы өткізеді.