Белдесуден "Халық Барысы" республикалық турнирі өтеді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ Қазақ күресі федерациясы

Екінші рет өткелі отырған турнир "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылады. 

Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады. Жарысқа кәсіби спортшылар қатыспайды. 

Турнир "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өтеді.

Басталуы 25 мамыр, сағат 11.00-де. Ал қатысушыларды тіркеу рәсімі 23-24 мамыр күндері сағат 10.00.-21.00 аралығында жүргізіледі. 

Халық арасынан шығатын "барысты" анықтау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда. 

Айта кетейік, белдесу күресінде үш ғана нәтиже болады: жеңіс, жеңіліс және итжығыс. Балуандар тік тұрып күреседі. Белбеуден жоғары ұстайды, төмен ұстауға болмайды. Жауырыны ғана емес, тізесі, шынтағы, қолы жерге тисе, ол балуан жеңілген болып саналады. Құласа да, жығылса да, жеңілген болып есептеледі.

Ауырту, тұншықтыру әдістерін қолдануға болмайды. Белдесу уақыты – 5 минут. Жеңіске жеткенін анықтау мүмкін болмаса, қосымша үш минут беріледі. Егер мұнда да екі балуан тең түссе, яғни бірін-бірі ала алмаса, онда екеуі де таразыға тартылып, салмағы жеңілдеуі жеңіске жеткен болып саналады.

Күреске икеміңіз болып, белдесуде бақ сынағыңыз келсе "Халық барысы" турниріне қатысыңыз!

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама