«Бавария» vs «Реал». Финалға кім шығады?

Ла Лига Корреспондент

"Корольдік клуб" қонақта есеп айырмашылығын ұстап қалуға тырысары анық. Карлоның қол астындағы нөкерлер қарымта шабуылға иек артар болса, Пеп тәлімгерлері, өз кезегінде, бақтарын шабуылдан іздеп көреді. Айдай әлемнің алдында азуын айға білеген қос мықтының қайсысының бағы басым түсіп жатса, сол финалға жолдама алмақ. 

"Бавария" "тики-таканың" артықшылығы мен кемшілігін бағамдай отырып, қонақтың сауатты қорғанысының осал тұсын іздестіріп көрсе, "Реал" ойыншылары қолда бар қаруларын орынды қолданып, Бензема-Роналду-Бэйл үштігін өткір шабуыл өтіне шығарып тұрмақ. 

Көпшілік мамандар бүгін жеңіс мюнхендік клубтың жағында болатынын айтады. Десе де, жалпы есеп айырмашылығымен "корольдік клубтың" оза шығатынын алға тартатындар бар. Не десек те, қол клубтың да бұл матчқа үлкен дайындықпен шығары анық. Бағдар танып, бағыт айырып үйренген бапкерлер өз клубтарын жеңістің тура жолына бастауға ұмтылмақ. 

Пеп Гвардиола, «Баварияның» бас бапкері

"Қысым, әрине, өршіп тұр. Біз - "Бавариямыз", біз жартылай финалдамыз және ойынды асығыстықпен күтеміз. Мен "Осасунаға" дейін-ақ "Реалдың" қаншалықты күйлі екенін, ондағы футболшылардың қаншалықты талантты, тамаша орындаушылар екенін білгенмін. "Реалдың" қарымта шабуылы жылдам өріледі. Жалпы, мадридтіктер көп жүгіреді. Доптан айырылған жағдайда бос зоналарды тез арада жауып, қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсетуіміз қажет. "Реал" бірінші кездесуде қол жеткізген басымдылығын сақтап қалуға тырысады. Қандай айлаға жүгінетінін - көреміз" - дейді Пеп.

Карло Анчелотти, «Реалдың» бас бапкері:

"Біздер ұлы командаға қарсы өнер көрсеткелі отырмыз және біздің басымдылығымыз аса елеулі емес. Сондықтан, біздер тапсырма орындалып қойды деп ойлайтындай соншалықты ақымақ емеспіз. Шынында да, бізде жоғары деңгейлі ойыншылар жинақталған, біз физикалық тұрғыдан мықтымыз. Бірақ ойын қиынға түседі. Ойын мәнері бірінші кездесуден өзгешелене қояды деп ойламаймын. "Бавария" шабуылдаушы философияны ұстанатын ұжым, алайда мен тактика маңызды рөл атқарады дегенге сенбеймін. Психологиялық төзімділік әлдеқайда маңыздырақ болады деп ойлаймын" - дейді Карло.

– «Бавария» өз үйінде "Реалға" ұтылып көрген емес. Соңғы өткен он кездесуде мюнхендіктер тоғыз рет жеңіске жеткен.

– «Реал» «Баварияға» қарсы өткізген Мюнхендегі соңғы он ойынның тоғызында міндетті түрле гол салып отырған.

– «Бавария» Чемпиондар Лигасының финалына алтыншы мәрте шығуы мүмкін. "Миланның" жетістігін қайталауға бір табан жақын. 

– Бүгінгі кездесу "Баварияға" еурокубок додаларындағы екі жүзінші кездесу болмақ. 

– Пеп Гвардиола өзінің бапкерлік мансап жолының әр жылында Чемпиондар Лигасының жартылай финалына дейін жетіп отырған. 

– Карло Анчелотти Чемпиондар Лигасының төртінші финалына шығуы мүмкін, сонысымен ол Марчелло Липпи мен Алекс Фергюсонмен теңеспек. 

– Карло Анчелотти «Баварияға» бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген екен – бес жеңіс және екі тең есеп. 

Кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Бавария» жеңісіне – 1,8 коэффициент, тең ойынға – 4,11  коэффициент, «Реал» жеңісіне – 3,96 коэффициент беріп отыр. Бұл тұстан алаң иелерінің фаворит екенін аңғаруға болады.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай 

Сурет: ru.uefa.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама