"Бавария" - "Шальке": ойынның қызықты сәттері
"Неміс машинасының" негізгі құрамында ойнайтын бірқатар ойыншылар бұл ойында шықпады: өткір қорғаныс шебіндегі Филипп Лам, қорғаныстағы Боатенг, жарақатына байланысты Рибери өнер көрсеткен жоқ.
"Бавария": Нойер, Алаба, Данте, Мартинес, Рафинья, Швайнштайгер (Хейбьерг, 77), Кроос, Тиаго, Роббен (Контенто, 84), Гетце (Писарро, 70), Манджукич
"Шальке": Ферманн, Колашинац, Пападопулос, Матип, Хеведес, Нойштедтер, Боатенг, Горецка (Фукс, 28), Дракслер (Хогланд, 78), Фарфан, Хунтелар
Голдар: Алаба, 3 (1:0); Роббен, 15 (2:0); Манджукич, 24 (3:0); Роббен, 28 (4:0); Рафинья, 64 (4:1, автогол); Роббен, 77 (5:1, пен)
Ескерту: Алькантара, 42
Қуылу: Пападопулос, 76.
Пеп Гвардиоланың өзге ойыншылары аталған ойыншылардың орнын жоқтатпады. Баварлық команданың аяқ алысы жанданып, күннен-күнге кемелдікке құлаш ұрып бара жатқандай әсер қалдырды. Бұған себеп, ойынның мысалы. Қонақтарды жарты алаңға тықсырып алған Пеп тәлімгерлері "Шальке" қақпашысының ерлігі болмағанда, есепті 9:0-ге жеткізер еді.
"Бавария" бұл күні толық басымдылыққа ие болды. Бірінші минуттардан. Өткен турларда, оның алдында "неміс машинасы" орта қол командаларға жолыққанда тосырқап, ойламаған жерден мүдіріп, алғашқы жиырма минутта еш айла-амал қыла алмаушы еді. Бұл жолы оның ізі суып үлгерген секілді. Роббенің еркін көсіліп, сәт сайын өткір шабуылға ұмтылысы да себеп болуы мүмкін. Иә, "қызғалдақтар елінің" өкілі бұл ойынның сөзсіз қаһарманы аталды. Жекедей тұрғыдан да, командамен бірге де. Қорғаушыларды үнемі бір айла-әдісімен алдайтын ойыншы ұжымдық ойынға өз үлесін қойып, ат салысып жатқаны көрінді.
Бір айта кетерлігі, "Шальке" бұл ойынға ауыр көңіл-күймен шыққан болатын. Чемпиондар Лигасының ширек финалында "Реалдан" 1:6 есебімен ойсырай жеңілген соң, Йенс Келлердің шәкірттері психологиялық тұрғыдан аса екпінді емес еді. Соған қарамастан, неміс жанкүйерлері екі клуб арасындағы қақтығыстың тартысты өтетінін, қызыққа толы болатынын күні бұрын айтып, күтіп еді. Форфан бастаған жігіттердің өкінішіне орай, қуатты әрі қорқынышты "неміс машинасы" бет қаратпады.
Шыны керек, Гвардиола келгелі "Баварияның" негізгі құрамының ойыншылары кімдер деген сұрақ туындайды? Дәл қазіргі таңда "неміс машинасының" құрамында бір көшбасшының атын атап, түріп түстеп берсеңіз, жетістік болар еді. Мұндағы Гетце, мұндағы Рибери, мұндағы Роббен - кез келгені көшбасшы ойыншы. Бірақ, ұжымдық ойын төңірегінде көшбасшылық екінші орынға сырғыған секілді.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: sport-xl.org