Бауыржан Жолшиев: «Футболдан Қазақстан біріншілігінің үздік сүрмергені болсам деймін»
- Бауыржан, жаңа маусымға дайындықтарыңыз қалай? Жалпы үш ай мерзімде өткізген оқу-жаттығу жиындарына көңіліңіз толды ма?
— Оқу-жаттығулардың барлығы ойдағыдай өтті. Бапкерлер құрған жоспарды толығымен орындадық. Енді жаңа маусымда сәтті өнер көрсету керек.
— Жаңадан келген бас бапкер Сергей Масленковпен жұмыс істеу қиынға соққан жоқ па?
— Жоқ. Жалпы жиын барысында ол команданың бірлігіне баса ден қойды. Сонымен қатар бірнеше жаңа тактика да құрды.
— Маусымаралық үзіліс кезінде сізге алматылық «Қайрат» пен мәскеулік «Динамо» командалары көз қырын салып жүр деген әңгіме жүрді. Расымен де бұл командалар сізге ресми ұсыныс жасады ма?
— Ия. Маған бірнеше командалар қызығушылық білдірген болатын. Бірақ, тек «Қайрат» жетекшілері ғана ресми ұсыныс жасады. Ал «Динамо» сапынан менімен ешкім сөйлескен жоқ.
— «Тобыл» командасында сіз былтырғы маусымда жартылай қорғаушы қызметін атқардыңыз. Ал ұлттық құрама сапында сізді Мирослав Беранек шабуылшы міндетіне шығарады. Өзіңізге алаңның қай бөлігінде ойнаған ұнайды?
— Маған негізі жартылай қорғаныстың оң қапталында өнер көрсеткен көбірек ұнайды.
— Сіз өткен жылы еліміздің үздік жас ойыншысы атандыңыз. Бұл атаққа қалай жеттіңіз?
— Біріншіден, мен бұл атақты алу үшін көп жаттығу жасадым. Екіншіден, маған өткен маусымда сәттілік жолдас болды. Ал үшіншіден, командадағы жігіттер көмектесті. Сондықтан мен жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын.
— Сізбен бірге Қазақстан жастар құрамасында ойнаған Бауыржан Исламхан жуырда ресейлік «Кубань» командасының сапына ауысты. Қалай ойлайсыз, Исламхан ол командада сәтті ойнай ала ма?
— Менің ойымша, барлығы Бауыржанның өз қолында. Егер ол «Кубань» сапында да көп жұмыс істейтін болса, онда жоғары деңгейлі футболшы болатыны анық.
— Алдағы маусымда жеке өзіңіздің алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?
— Футболдан Қазақстан біріншілігінің үздік сүрмергені болсам деймін.
— Ал сіз өнер көрсететін «Тобыл» командасы қандай нәтижелерге қол жеткізе алады?
— Біздің команда жақсы жасақталды. Жаңадан бірнеше ойыншылар келді. Сол себепті, «Тобыл» алдағы маусымда үздік үштіктің қатарында болуы тиіс.
— Бауыржан, алда 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі келе жатыр. Нәзік жандыларға қандай тілек тілейсіз?
— Барлық нәзік жандыларды алда келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілегім келеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: Жеке мұрағаттан