Бауыржан Исламхан "Зенитке" ауыса ма?
Ресейлік журналист әрі инсайдер Александр Маньяков өзінің Telegram-каналында қазақстандық футболшының трансфері жайлы былай деп жазыпты:
"Исламхан шынымен де "Зенитке" ауысуы мүмкін. Қазір бұл жігіт питерлік команданың оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Егер оның ойыны Дохада Сергей Семакқа ұнаса келісімшартқа отырады. Ұнамаса, "Қайратқа" оралады не басқа ұсыныстарды қарастырады".
Бүгінге дейін Бауыржан Исламханға Ресей Премьер-лигасындағы көптеген командалар қызығушылық танытқаны туралы айтылған еді. "Локомотивтен" бастап "Рубин", "Оренбург" және "Крылья Советов" командалары қазақстандық футболшыны қатарына қосуы мүмкін деген ақпарат шықты.
Қазір Бауыржан Исламхан командасыз жүр. Ол кез келген командаға тегін ауыса алады. Шеберлігі мықты болғанымен оған жаңа команда табу қиын миссия секілді. Өйткені Бауыржанның Қазақстандағы жалақысы жылына бір миллион еуроның (Vesti.kz ақпараты бойынша) шамасында. Дәл қазір 26 жастағы футболшыға мұндай мөлшердегі жалақыны Ресейдің көп командасы төлеуге дайын емес. Дегенмен Бауыржан Исламханның "Зенитке" ауысуы мүмкіндігі жоғары. Оған мына факторлар әсер ете алады:
Қайрат Боранбаев
"Қайраттың" қожайыны мен "Зениттің" қарым-қатынасы бұрыннан жақсы екенін жанкүйер қауым біледі. Екі команда арасындағы жолдастық матчтар, әлемге әйгілі Тимощук пен Аршавиннің Қазақстанға келуі. Бұдан бөлек Қайрат Боранбаев пен "Зениттің" бас демеушісі "ГазПром" компаниясы арасында іскерлік қарым-қатынас бар.
Андрей Аршавин мен Анатолий Тимощук
Бауыржан Исламхан Алматыда жүргенде Андрей Аршавин және Анатолий Тимощук секілді әлемдік деңгейдегі футболшылармен иық тірестіре ойнады. Кезінде Еуропада танымал болған футболшылар Қазақстанға келгенде Бауыржан Исламханның шеберлігін ерекше атап өткен. Тіпті, Андрей Аршавин Баториктің Ресейде ойнауға қауқары жететіні туралы да айтқаны бар еді. Қазір Бауыржан Исламханның бұрынғы әріптестері "Зенитте" жоғары лауазымды қызметкерлер. Андрей Аршавин клуб президентінің дамыту ісі бойынша кеңесшісі болса, Анатолий Тимощук жаттықтырушылар штабына кіреді.
Жеке бас шеберлігі
Баторик – Қазақстанның ең дарынды футболшыларының бірі саналады. Оның команданы алға сүйрейтіні, қажет кезде ойынды өз мойнына алатыны, шеберлігі Сергей Семактың көңілінен шығуы қажет. Егер Бауыржан Исламхан Дохадағы оқу-жаттығу жиынында өзін жақсы қырынан көрсетсе келісімшартқа отыруы әбден мүмкін.
Легионер саналмайды
Ресейде күні кеше қабылданған жаңа заң бойынша Қазақстан футболшылары Ресейде легионер саналмайтын болады. Алайда заң тек жаздан бастап қолданысқа енеді. Егер Бауыржан Исламхан "Зенитпен" келісімшартқа отырса жазда шетелдік статусынан айырылады. Бұл оның мүмкіндігін өзге легионерлерге қарағанда біршама арттыратыны сөзсіз.
2019 жылы Бауыржан Исламханның "Қайратпен" келісімшарт уақыты аяқталды. Командамен қайта ұзартқан жоқ. Бірақ келісім бойынша футболшы мансабын қазақстандық клубтардың бірінде жалғастырмайды.