Бауыржан Исламхан футболдан 2 жылға шеттетілді
16 желтоқсанда өткен Азия Чемпиондар лигасының аясындағы "Әл-Садд" командасына қарсы матчтан соң Бауыржан Исламханның тапсырған қан сынамасынан допинг табылды. Бүгін өткен Азия футбол конфедерациясы отырысында қазақстандық футболшыны тыйым салынған дәрумен қабылдағаны үшін жазалады.
"Азия чемпиондар лигасының матчынан соң допинг-тест тапсырдым. Күтпеген жерден қан сынамасынан аз мөлшерде метилгексанамин табылды. 90 нг/мл мөлшері оны мақсатты түрде қолданбағанымды білдіреді.
Метилгексанаминді әдетте бодибилдингпен шұғылданатындар қолданады. Оның футболшыларға еш пайдасы жоқ. Өкінішке қарай, спорттық тамақтың құрамында осында заттар кездесіп жатады. Мен осындай жағдайға тап болғаныма сенімдімін.
Алдағы уақытта кінәмнің жоқ екенін дәлелдеп, бұл шешімге шағым түсіремін. Лозанна соты менің дәлелімді қарап, ақ-қарасын анықтайтынына сенімдімін. Барша Қазақстан футбол жанкүйерінен мені қолдауды өтінемін. Сіздердің қолдауларыңыз маған ауадай қажет", – дейді Бауыржан Исламхан журналист Айдын Қожахметке берген сұқбатында.