Бауыржан Исламхан: «Андрес Иньестаға ұқсағым келеді»

ЮРИЙ НИКУЛЛИН Корреспондент

Бауыржан, Ресей жерінде доп теуіп жүріп, Қазақстанды, отбасыңды сағындың ба?

– Әрине. Елге оралғаныма өте қуаныштымын. Отанымды да, отбасымды да қатты сағындым. Елге келіп, ағайын-туыстарыммен, достарыммен жолықтым. Енді міне, сағынышым басылғандай.

– Бүгінде сен Қазақстан жастар құрамасының сапында Болгарияға қарсы дайындалып жатырсың. Алдағы ойын туралы өз ойыңды айта кетсең...

– Негізі біз достастық Кубогінде Болгария құрамасымен екі кездесу өткізген болатынбыз. Өкінішке орай, ол екі кездесуде ұтылдық. Сол үшін де алдағы кездесуде болгарлардан есе қайтаруға бар күшімізді саламыз.

– Сен Ресейдің ортаңқол командаларыңның бірі «Кубаньда» тер төгіп жүрсің. Ол жаққа үйренісіп үлгердің бе?

– Шыны керек, алғашында қиын болды. Өзге ел. Өзге менталитет. Өзге адамдар. Бірақ адамның басына салса, кез келген жағдайға үйреніп кетеді ғой. Мен де үйрендім. Менің «Кубаньға» ауысуыма басында ата-анам қарсы болған еді. Дейтұрғанмен, шеберлігімді арттыру үшін міндетті түрде басқа біріншілікке ауысым керек болды. Бүгінде ата-анам да, мен де бұл жағдайға үйресіп кеттік.

– Красноярға бардың. Жарақатыңнан айығып, толыққанды жаттығу жасап жүрсің. Десе де, сен әлі де болса «Кубаньның» негізгі құрамында алаңға шықпадың. Бұл жерде команданың бас бапкері Леонид Кучкаға ренжіген кезің болды ма?

– Жоқ. Бас бапкерге деген ешқандай ренішім жоқ. Жаттығуларда өзімді жақсы қырымнан көрсетсем, негізгі құрамға ілігемін деп ойламын. Жалпы, бәрі өз уақытымен болады ғой.

– Бауыржан, Ресей біріншілігі мен Қазақстан біріншілігінде қандай айырмашылық байқадың?

– Ресей футболының біздің елдегі футболға қарағанда деңгейі жоғары. Оны мойындау керек. Ол жақта ойын өте жылдам қарқында өтеді. Футболшылардың да деңгейі жоғары.    

– «Таразда» ойнап жүргеніңде ата-анаңмен бірге тұратынсың. Ал қазір Ресейде ата-анаң қасыңда емес. Жалғыз тұру қиын шығар?

– Оңай деп айта алмаймын. Бірақ үйреніп қалдым.

– Тағамдарды өзің әзірлейсің бе?

– Иә. Кейде асханалардан тамақтанамын.

– «Кубань» ұжымында шет елден келген ойыншылар көп. Бұл тұрғыда командаға сен қосылғанда қалай қарсы алды?

– Жалпы команда мені жақсы қарсы алды. Алғашында менің қайдан келгенімді ешкім де білмей қалды. Командаға қайдан қосылды дегендері де болды. Қазір барлық ойыншылармен доспыз.

– Команда қатарында ең жақын досың кім?

– «Кубаньның» үшінші қақпашысы - Эдуард Байчора.

– Ұмытып бара жатырмын, «Кубаньның» Еуропа Лигасына шыққанымен құттықтаймын. Енді сен алдағы уақытта Еуропа Лигасының топтық кезеңінде доп тепкен алғашқы қазақ футболшысы болатын шығарсың.

– Көп рақмет. Еуропа Лигасы туралы келер маусымда сөйлесейік. Өйткені, қазір мен де, команда да демалыстамыз.

– Краснодар қаласы қалай? Саған ұнады ма?

– Өте әдемі қала. Маған ұнады. Тұрғындары да, ауа-райы да жақсы.

– Соңғы кездері сен тер төккен «Тараз» командасында дағдарыс болып жатқан секілді. Турнирлік кестенің де соңғы жағында. Сенің ойыңша, бұл сәтсіздік немен байланысты?

– Нақты бір себебі бар деп айта алмаймын. Шыны керек, негізі мен бұл сұраққа жауап бермеймін. Жауап беруге хақым да жоқ.

– Ойыншы емес, футбол жанкүйері ретінде қай командаға жанкүйерсің?

– Нақты мынау команда деп айта алмаймын. Маған негізі «Барселонаның» ойын мәнері ұнайды.

– Ал футболдағы үлгі тұтатын ойыншың кім?

– Андрес Иньестаның ойын мәнері қатты ұнайды. Алаңда мен сол ойыншы секілі қимылдағым келеді. Ол дер кезінде пасты да береді, қақпаға соққы да жасай алады. Сонымен қатар, алаңды тамаша көре алады.

– Қазақстанда да, Ресейде де сені көбісі "Батори" деп атайды екен. Неге олай атайды?

– Иә, көп дастарым, командаластарым, тіпті ата-анам да солай атайды. Олай атауының бір себебі бар. Бірақ ол құпия болып қалсын.  

– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сурет: Жеке мұрағаттан

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама