Бауыржан Исламхан – 2014 жылғы маусымның үздік футболшысы!
Дауыс беруге қатысқандар үздік үш ойыншы есімін кезегімен атаған. Бірінші дауыс алған ойыншы 3 ұпай еншілесе, екінші болып көрсетілгенге – 2 ұпай, үшінші орынға лайықты деп танылған футболшыға бір ұпайдан берілген.
Дауыс беру қорытындысы бойынша 2014 жылғы ел премьер-лигасының үздік футболшысы болып алматылық «Қайрат» жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан танылды. 21 жастағы Тараз футбол мектебінің түлегі барлығы 69 ұпай (14 – бірінші орын, 12 – екінші орын, 3 – үшінші орын) жинады. Расында да, ұлттық құрама ойыншысы бұл маусымда сәтті өнер көрсетті. Командасын алға сүйреді десек қателеспейміз. Ел біріншілігінде 31 кездесуге қатысып, 5 гол соқты. Ал талай бастап берген нәтижелі шабуылдары өз жемісін берген сәттер көп болғаны ақиқат. «Қайраттың» қола жүлде мен ел кубогын жеңіп алуына аянбай тер төккен ойыншылардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі таңда Бауыржанға құда түсіп отырған өзге елдің клубтары да жоқ емес, баршылық. Сонымен қатар, Батори (лақап аты) осы маусымның ең жас ойыншысы да атанды.
Ел премьер-лигасының үздік ойыншысы мәртебесінің екінші сатысынан «Астана» жартылай қорғаушысы Фокси Кетевоама көрінді. Ол барлығы 39 ұпай жинады. Елордалық клубтың легионері де бұл маусымды нашар өткізген жоқ. Ең үздік сұрмерген атанды. Ол 16 гол соғып қана қоймай, 16 рет нәтижелі пас та берген. Нәтижесінде «гол+пас» жүйесі бойынша 32 ұпай жинап, премьер-лигадағы үздік ойыншылардың бірі екенін дәлелдей білді.
Үздік ойыншылардың үштігін тағы бір «Қайрат» ойыншысы Самат Смақов қорытындылады. Алматылық клуб пен ұлттық құрама жартылай қорғаушысы 24 ұпай жинаған. Маусым соңындағы сәтсіздігі себеп болды демесеңіз, маусым бойы командасын алға сүйрей білді. Төртінші орыннан «Астана» мен ұлттық құрама шабуылшысы Танат Нөсербаев (13 ұпай) көрінсе, бесінші және алтыншы орындарды 8 ұпаймен қақпашылар Александр Мокин («Шахтер») мен Кирилл Прядкин («Қайсар») өзара бөлісті.
Сонымен кім-кімге дауыс бергенін қарай отырайық.
Сурет: pfk.kz