"Барыс" "Металлургтен" үшінші ойын қатарынан ұтылды
Астанада өткен ойында ресейлік команда 5:3 есебімен ұтып кетті. Жанкүйерлер бірінші кезеңде соғылған шайба көрмегенмен, екінші кезеңде "Металлург" хоккейшілері есеп ашты. Данис Зариповтың екі бірдей шайбасы қонақтарды алға шығарды.
Үшінші кезеңді "Барыс" хоккейшілері ширақ бастады. Дастин Бойд жылдам есепті қысқартты. Шабуылға ентелей түскен елордалық команда бір сәт қорғанысты назардан ұмыт қалдырды. Нәтижесінде "Металлург" хоккейшілері қарымта шабуылда қарап қалмады. Бар-жоғы 8 минут ішінде "Барыс" қақпасына үш шайба тоғытып үлгерді. Ойын соңына қарай "Барыс" шабуылын қайта үдетіп, Дастин Бойд тағы екі шайба соққанмен, таразы басын теңестіре алмады.
Айта кетейік, "Барыс" әр кезеңде бірнеше рет ойыншы басымдығында ойнады. Бірақ Эдуард Занковец шәкірттері бұл мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ.
Плей-офф кезеңінде командалар төрт рет жеңіске жеткенше ойнайды. Алғашқы үш ойынның қорытындысы бойынша "Металлург" 3:0 есебімен алда келеді. Төртінші ойын 15 наурыз күні өтеді.