Ресейдің Советский спорт басылымы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойындарына өз шолуларын ұсынды. Барыс командасының сырт алаңдағы ойындарға үш легионерін алып шықпау себебін де түсіндірді. - Бүгінгі дау. Барыс командасы легионерлерімен қош айтысады. Астанадағы Жұлдыздар матчы да қазақстандық команданы серпілте алмады. Одан да қызығы! Команда канадалық легионерлеріЛинден Вей, Мэть ФреттинменДжеймс Райттысырт алаңдағы ойындарға алып шыққан жоқ, - деп жазады басылым. Кеше кеште елордалық команда Шығыс конференцияда соңғы орындардың бірінде келе жатқан Лада командасынан ұтылды. Негізгі уақытта 3:3 есебімен тең ойнап, овертаймда мұз айдын иелері шайба соғып кетті. Бұл ойынға команданың канадалық үш легионері қатысқан жоқ. Хоккейшілерге қатысты Ғалым Мамбеталиев тілшілер сұрағына жауап берді. - Олар жақын уақытта команда сапына қосылмайды. Мұз айдында көбірек уақыт өткізгенмен, жоғары нәтижелері көзге ұрмай тұр. Одан да жас хоккейшілерге мүмкіндік беруді жөн санап жатырмыз, - деді командада бас жаттықтырушының қызметін атқарушы маман. Айта кетейік, соңғы екі ай ішінде Барыстың басына бұлт үйірілді. 20 ойында бар болғаны екі-ақ рет жеңіске жетті. 51 ойыннан кейін 64 ұпай жинап, Шығыс конференцияда 9-орында тұр. Жарыстың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі аз.