"Барыс" құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шықты
Эдуард Занковец жаттықтыратын қазақстандық клуб қарсыластарымен негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады. 8 минутта Кирилл Воробьев "Сибирьді" алға шығарса, 14 минутта Дастин Бойд таразы басын теңестірді. Одан кейінгі кезеңдерде бұл есеп өзгермеді. Нәтижесінде командалар жеңімпазды қосымша уақытта (овертайм) анықтады. Қосымша уақыттың аяқталуына 39 секунд қалған Кевин Далмэн «Барысқа» жеңіс сыйлаған шайбаны соқты.
Шығыс конференциясында "Барыс" 89 ұпаймен бесінші орында тұр. Бұл қазақстандық клуб қалған екі ойында жеңіліс тапса да, турнир кестесінің алтыншы сатысынан төмен түспейді деген сөз.
Құрлықтық хоккей лигасының топтық кезеңіндегі ойындардың аяқталуына екі тур қалды. 16 ақпанда "Барыс" Новокузнецкінің "Металлург" командасымен ойнаса, екі күннен кейін "Авангардпен" кездеседі. Екі ойынды да өз алаңында өткізеді.
Қазіргі уақытта құрлықлық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне он команда өтіп тұр. Батыста СКА, ЦСКА, "Локомотив", мәскеулік "Динамо", "Торпедо" және минскілік "Динамо", ал Шығыста магнитогорлық "Металлург", "Авангард", "Ак Барс", "Трактор" және "Барыс".